Жамбыл және Түркістан облыстарында жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз шетелге шығармақ болған көлік жүргізушілері анықталып, жауапқа тартылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.«10 сәуірден бастап Жамбыл және Түркістан облыстарында ішкі істер органдары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп елден жанар-жағармай материалдарын әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шарасын жүргізді. Жанар-жағармай тасымалдауда көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзушылықты анықтау полицияның ерекше назарында», - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен брифингіде. Оның айтуынша, рейд барысында заңбұзушылықтар анықталды. «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі (рұқсатсыз жабдықталған көлік құралын басқару) бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жедел алдын алу шарасының қорытындысы бойынша жоғарыда аталған бапты бұзғаны үшін 95 жүргізуші жауапқа тартылды. 27 әкімшілік материал бойынша көлік құралын одан әрі пайдалануға тыйым салынды», - дейді ол. Айта кетсек, қазақстандық полицейлер өткен апта ішінде кісі өліміне қатысты 7 қылмысты ашты.