Бениннің оңтүстік-шығысындағы Уэме департаментіндегі Нигериямен шекаралас Семе-Краке қаласында сенбі күні контрабандалық бензин қоймасында өрт шығып, кем дегенде 33 адам қаза тауып, үшеуі ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат бұл туралы Синхуа агенттігіне сілтеме жасап.Жергілікті өрт сөндіру қызметінің басшысы Даллис Ауангбеньон жанармай қоймасында тұтанған өрт оқиға орнына жақын жерде тұрған үйлер мен көліктерді де шарпығанын айтты. Бенин контрабандалық бензинді шығыстағы көршілес Нигериядан, жанармай бағасы төмен ірі мұнай өндіруші елден алады. Бенин қалаларының көшелерінде сатылатын мыңдаған литр бензин әдетте Нигериямен шекаралас станциялардан келеді.