Мажарстанның Сегед қаласында өткен пара каноэдан лицензиялық әлем чемпионатында Жаңыл Балтабаева Париж-2024 Паралимпиадасына жолдама жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, чемпионаттың В финалында (VL3 клас) өнер көрсеткен қазақстандық спортшы 200 метр қашықтықты 1:05.83 секундта бағындырып, мәреге екінші болып жетті. Осы бәсекеде польшалық Моника Кукла 1:05.45 секунд нәтижесімен бірінші, ал франциялық Елеа Чарвет 1:07.33 нәтижесімен үшінші болып жетті.Жаңыл ел қоржынына Паралимпиаданың 12-ші лицензиясын салды. Бұған дейін пара каноэдан Спатай Бибарыс, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден үш жолдама, пара таеквондодан Нұрлан Домбаев, Камиля Досмалова және Нышан Өмірәлі алған болатын. Париж-2024 Паралимпиадасы тамыздың 28-і мен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.