Жапония Айға қонатын өзінің алғашқы модулін – SLIM-ді ғарышқа ұшырды. Оны Жапония Аэроғарыш зерттеулер агенттігі (JAXA) құрастырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deusche Welle басылымына сілтеме жасап.Зымыран-тасығыш бүгін, таңертең Кагосима префектурасының оңтүстігіндегі Танэгасима ғарыш айлағынан ұшырылды. Ұшырылым сәтін JAXA тікелей эфирден көрсетті. Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшу бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Аппараттың биіктігі – 2,4 метр, салмағы – 200 келі. Оның мақсаты бет-әлпетті тану жүйелерінде қолданылатын технологиялар негізінде Ай кратерлерін және рельефін зерттеу. Сондай-ақ SLIM арнайы камерамен жабдықталған, оның көмегімен Ай бетіндегі темір мен өзге де элементтердің мөлшерін өлшей алады. Аппаратты жасау кезінде қолданылған технологиялар белгіленген жерге қонып, 100 метрден артық қателік жасамауға мүмкіндік береді. Айға қонатын бұрынғы аппараттарда бұл көрсеткіш бірнеше шақырымға дейін жететін, деп атап өтті AFP агенттігі. Айта кетейік, екі апта бұрын Ай бетіне «Чандраян-3» миссиясы аясында үндістандық аппарат сәтті қонған болатын. Үндістан Жер серігі бетіне ғарыш аппаратын қондырған төртінші ел атанды. Бұған дейін бұл миссия Кеңес Одағы, АҚШ пен Қытайдың қолынан келген еді. Ал ресейлік «Луна-25» станциясы тамыздың соңында Айға қону кезінде қирап қалды.