Жапонияның орталығында болып жатқан зілзала құрбандарының саны 65 адамға жетті. Оған өңірлік билік өкілдері жариялаған деректер дәлел болып отыр. Kazinform бұл туралы ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлайды.100-ден астам адам түрлі жарақат алған. Қаза тапқандар мен жараланғандардың көбі –тоқтамай жатқан жер сілкінісі орталығына айналған Исикава префектурасы тұрғындары. Ондаған зілзала салдарынан өрт тұтанып, 200-ден астам тұрғын үй күлге айналды, 100-ден астам нысанды жерасты дүмпуі қиратты. Құтқарушылар, жедел қызмет өкілдері мен елдің Қорғаныс күші әскері үйінділерді жинап, адамдарды іздеп жатыр. Бүгін таңнан бері зардап шеккен аудандарда жаңбыр тоқтамай тұр. Журналистерге Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсимаса Хаясидің хабарлауынша, қазіргі уақытта эвакуациялық орталықтарда 32,5 мыңға жуық адам бар. Жер сілкінісі басталғаннан кейінгі бірінші күндері Жапонияның орталық және батыстағы бөлігінің 60 мыңнан астам тұрғыны үйін тастап кетуге мәжбүр болды. 33 мыңнан астам үй жарықсыз отыр, зардап шеккен аудандарда интернет пен мобильді байланыс нашарлаған. Кей ауылдарда сумен жабдықтау мәселелері туындады. Бұған дейін Жапонияның орталық бөлігінде бірнеше күшті жер сілкінісі тіркелгенін хабарлаған болатынбыз. Елдің ұлттық метеорологиялық басқармасының мәліметінше, Исикава және Ниигата префектуралары аймағында магнитудасы 7,4-ке жететін жер сілкінісі болды. Жапония премьер-министрі Фумио Кишида жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарға баратын негізгі жолдар қатты зақымданғанын, бұл әскерилердің құтқару жұмысына кедергі келтіргенін айтты. Кеше табиғи апат салдарынан кемінде 55 адам мерт болғаны хабарланған. Исикава, Ниигата, Фукуи, Тояма және Гифу префектураларына қатты зақым келді.