Жапонияға осы аптадағы екінші, биылғы маусымдағы жетінші тайфун жақындауы мүмкін.Жапония метеорологиялық агенттігінің хабарлауынша, түскі уақытта «Лан» тайфуны Минамитори аралының маңында болған және ондағы желдің жылдамдығы сағатына 90 шақырымға жеткен. Сейсенбі күні «Ханун» тайфуны Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю аралына қарай жылжып, аралдың бірнеше бөлігінде дауыл болды. Жергілікті теміржол операторы жылдам жүретін Синкансэн пойыздарын тоқтатуға мәжбүр болды. Метеорологиялық агенттік Жапонияның төрт негізгі аралының бірі саналатын Кюсю аралының оңтүстігі мен солтүстігінде сел жүріп, өзендердің тасуы мен жоғары толқындар болуы мүмкін екенін ескертті. Сәрсенбі күні Кюсю мен Окинава арасында орналасқан Амами-Осима аралында да қолайсыз ауа райы күтіледі. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, осы аптада «Ханун» тайфуны елдің оңтүстік жағалауына қарай жылжып, ҚХР-ына қарай ауысуы мүмкін екенін айтты. Елде толассыз жаңбыр жауады деп хабарлайды, Yonhap ақпарат агенттігі.