Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының және "Бешікташ" клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов алдағы ойындарға қатысуы мүмкін. Бұл туралы "Бешікташ" клубының бас бапкері Рыза Чалымбай "Брюггеге" қарсы матч алдында өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Түркияның "Бешікташ" командасы УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінің 5-турында Бельгияның "Брюгге" командасымен кездеседі. "Жеті-сегіз ойыншымыз жарақат алып қалды. Дәл мұндай көп жарақат алған кезді көрген жоқпын. Бірінші рет осындай жағдайға тап келдім. Неге бұлай болғанын өзім де білмеймін. Жастар командасынан ойыншылар алып, құрамды толықтырдық. Неджип Уйсал мен Омар Коллиге сенім артуға болады, бірақ Неджип жарыстан шеттетілді. Үміт Мераш тізімде болмағандықтан сол қапталда ойнайтын қорғаушы жоқ. Сондықтан Бахтиер Зайнутдинов бетпердемен ойнап қалуы мүмкін", — деді клубтың бас бапкері. "Бешикташ" — "Брюгге" матчы 30 қарашада Ыстамбулда Астана уақытымен 23:45-те басталады. Түркиялық клубтың плей-оффқа шығуға мүмкіндігі аз.