Жастар арасында танымал “Ирина Кайратовна” тобының әншілеріне қостанайлық жанкүйерінен ерекше ұсыныс түсті. Өнер жұлдыздары арбаға таңылған жігіттің арманын орындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Қостанайлық Сартай есімді жігіт “Ирина Кайратовна” тобының Қостанайға концертпен келетінін біледі. Денсаулығына байланысты концертке бара алмайтынын түсінген ол жігіттердің біріне хат жолдайды.“Алдияр, ассалаумағалейкүм! Сендер “Ирина Кайратовнамен” Қостанайға келеді екенсіңдер. Бірақ мен мүгедектігіме байланысты бұл концертке бара алмаймын. Мен сендер өнер көрсететін жерден 20 минуттық жерде тұрамын. Алдияр, өтініш, маған 20 минут уақытыңды қиып, үйіме келіңдерші. Басқа ештеңе сұрамаймын. Сендермен бір рет суретке түссем болғаны”, – делінген топ мүшесі Алдияр Жапарханға жазған хатында. Әнші де жанкүйерінің көңілін қалдырмай, жауап қайтарған. “Сәлем, бауырым! Міндетті түрде барамыз. Қазір ғана осы туралы талқыладық. Уайымдама, бауырым. Біз қазір ұшқалы жатырмыз. Сенің мекенжайыңды білеміз, жеткенде жазамыз. Келіп қалдық”, – деп жазған Алдияр. Жігіттер сөзінде тұрып, жанкүйерін іздеп барып, суретке түскен. Сартай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында “Ирина Кайратовна” тобының жігіттерімен түскен суретін жариялады. Сондай-ақ ол кездесуден кейінгі әсерімен бөлісті. “Хат жолдағанда маған жауап бермейді деп ойладым. Бірақ үмітімді үзбедім, сендім. Бір нәрсені ғана айта аламын, армандар орындалады. Бүгін мен “ИК-мен” кездестім. Маған уақыт бөлгендерің үшін көп рахмет! Мен шексіз бақыттымын. Олардың менің үйіме келгеніне әлі де сене алар емеспін”, – деп жазды Сартай. Мүмкіндігі шектеулі жанның сөзін жерге тастамай, арманын орындаған “Ирина Кайратовна” тобының жігіттері көпшілікті сүйсіндірді. “Жақсы адамдар осылай істейді”, “Жарайсыңдар жігіттер”, “Сіздер үшін 30 минут шығар, бірақ бұл жігіт үшін бұл сәт мәңгі естелік”, “Қандай керемет көрініс”, “Уақыт тапқандарыңа рахмет”, – деп жазды желі қолданушылары.