Бүгін Шахтинск қаласында ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның "Қазақстан" шахтасындағы жағдай бойынша кеңес өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz.Премьер-министр болған қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңбұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті."Бұл - ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олардың өздерін компанияның тыныс-тіршілігінен толықтай шеттетуі бірнеше жылдар бойы қайғылы салдарға әкеп жатыр. Көріп отырғанымыздай, жұмысшылар үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде басты назар тек пайда табуға аударылған. Сондықтан да апаттар жиі қайталанып жатыр. Ең қайғылысы, адамдардың өліміне алып келеді", - деді Әлихан Смайылов.Үкімет басшысы атап өткендей, "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша қабылданып жатқан шаралар және елеулі инвестициялардың бағытталатыны жөнінде әрдайым мәлімдеп келеді. Алайда бұл апаттар мен қайғылы оқиғалар керісінше жағдайды көрсетіп отыр."АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 100-ден аса адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп келеді. "АрселорМиттал" халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі", - деді Әлихан Смайылов.Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындының 88 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі. Нәтижесінде қала тұрғындарында онкологиялық аурулардың, тыныс алу жолдары ауруларының және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады."Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 миллион тоннадан 3 миллион тоннаға дейін - екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды", - деп атап өтті премьер-министр.2021 жылы 3 миллиард АҚШ долларынан аса сомаға Жаңғыртуға инвестициялар құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда компания тек 1 миллиард АҚШ долларына жоба ұсынды."Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес еді", - деді Әлихан Смайылов.Премьер-министр апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдау, оның себептерін жан-жақты зерттеу және осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау қажетін атап өтті."Қарағанды облысының әкімдігі "АрселорМиттал Теміртаумен" бірлесіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, оның ішінде асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер тағайындап, жерлеу шараларына қаражат беру, жұмыс беруші есебінен қаза тапқандардың отбасына үй алып беру және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз етуі керек", - деп түйіндеді Үкімет басшысы.Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/89121/