Жетісу облысында жеңіл көлікпен жүк машинасы соқтығысып бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жол-көлік оқиғасы 30 маусым күні Жаркент қаласында болды. Toyota Camry және Volvo ауыр жүк машинасының соқтығысу кезінде екі көлік те жанып кетті. Оқиға орнында 37 жастағы ер адам қаза тапты. Түнде Головацкий көшесімен келе жатқан жапон көлігінің жүргізушісі жол жиегінде тұрған жүк көлігімен соқтығысқан. Соққы жанармай багына тиген. «Жол апаты фактісі бойынша қажетті сараптама тағайындалды. ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу амалдары басталды»,- делінген Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.