ТМД елдерінің құқық қорғау органдары өткізген «Іздеу» жедел-алдын алу шарасының кезінде Астанада Өзбекстан Республикасының 23 жастағы азаматшасы ұсталды.Полицияның дерегінше, ол 21 жастағы қызды күшпен ұстап, ата-анасынан ақша бопсалаған. Осы қылмысы үшін оны Өзбекстан тарабы мемлекетаралық іздеуге салған. «Анықталғандай, ол 21 жастағы бойжеткенді «құдалыққа барамыз» деген сылтаумен ертіп әкетіп, ата-анасынан ақша бопсалаған. 23 жасар азаматша мемлекетаралық іздеуде жүрген болатын. Қазір ол Астана қаласы Полиция департаментінің уақытша қамау изоляторына жабылды», - деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Бұдан өзге, «Іздеу» жедел операциясының кезінде криминалды полиция тағы бір Өзбекстан азаматын қолға түсірген. Ол өз елінде алаяқтық жасап, өзге біреудің 1,4 млн сом қаражатын алып алғаны анықталды. Қолға түскен бұл азамат та қазір қамауда отыр. Жалпы, жедел іздестіру шарасы кезінде Астана қаласының өзінен халықаралық іздеуде жүрген сегіз қылмыскер табылған.