Енді көлікті роботтар жүргізеді. Тіпті, үй жөндеп, шеге қақса таңқалмаңыз! Дәрігердің өзі жасанды болуы мүмкін. Елімізде қызметкерлердің орнын жасанды интеллект басады деген сыбыс бар. Соңғы кездері нейрожүйенің мүмкіндіктері көп талқыланып жатыр. Сонда болашақ роботтардың қолында ма? Бұл қаншалықты ақылға қонымды? Тақырыпты Аружан Задабек тарқатады. Жасанды интеллектің артықшылығы мен мүмкіндігі көп екенін көріп-біліп жүрміз. Әлемде бірнеше чат-бот әзірленіп, қолданысқа енгізілгені де мәлім. Сол арқылы әлем халқы түрлі сұрақтарына дайын жауап алып отыр. Жақында қазақ тілінде де алғашқы жасанды интеллект пайда болды. Жобаны Медхат Әкімбек пен Отарбай Дәурен жасап шықты. Медхат ӘКІМБЕК, ЖОБА АВТОРЫ: Қолданысқа бергеннен кейін халық өзі қолданып кеткен болатын. Бұл барлық қолданушыларға өзіміздің осы аудиториядағы барлық қолданушыларға ұнады. Көбінен оңды жауап алдық. Таяқтың екі ұшы бар секілді, жасанды интеллект адам баласының жұмыссыз қалуына да себеп болуы мүмкін. Мысалы, 2014 жылы америкалық миллиардер қол астындағы жүк тасымалдайтын мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатып, оларды роботтармен алмастырды. Одан бөлек, такси қызметін ұсынатын мекеме жүргізушісіз қозғалатын көлік жүйесін тестілеуден өткізіп жатыр. Егер жоба іске асса, 2 миллионға жуық такси жүргізушісі жұмыссыз қалуы мүмкін. Елімізде де бірқатар кәсіпорын мен мемлекеттік органдар жұмысты жасанды интеллектпен басқаруға көшпек. Еңбек нарығында біраз өзгеріс болғалы тұр. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Өмір сүруді жеңілдету үшін, салаларды дамыту үшін, заман бір орында тұрмайды ғой. Қазір бәрі жайлап басталып келе жатыр. - Адамдар жұмыссыз қалады. Это точно. - Көптеген жұмысты қысқартады. Көмектері бар. - Әрбір саланың мамандарына көмек ретінде жақсы болатын еді. Негізі модернизация, болашақ дамудың бір сатысы деп ойлаймын. Қалай болса да, роботтар дәуірі басталғалы тұр. Алдағы үш жылда бұл салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынуы мүмкін. Өйткені жасанды интеллектті дамытқан елдердің ішкі өнімі дамиды. Нақтырақ, білім экономикасына тың серпін береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы салаға кадр даярлап, жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату маңызды екенін айтты. Оны мамандар да қоштайды. Раиса ӨСКЕНБАЕВА, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР: Жасанды интеллект – адамның әрбір салада маманға көмек беретін, мүмкіндіктерді көбейтетін технологиялар, роботты алсаңыз, медицинада көмек беретін робот болу керек. Оқу саласында қазіргі заманда шыққан ChatGPT деп жатыр ғой. ChatGPT дегеніміз – жасанды интеллектің бір бағытына қарайтын чат-бот. Әлем жасанды интеллектің жетістігін көрсетіп бастады. Бұл көшке ілесу- Қазақстанның алға қойған міндеті. Өзге елдердегідей бізде де оны дамытып, қолданысқа енгізетін жас көп. Тек оларды дайындайтын орталық жетіспейді. Сол үшін кемінде үш жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлап, зерттеу жүргізуі керек – дейді сарапшылар. Гүлмира БЕКМАНОВА, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ЖӘНЕ ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бізге осындай мамандар керек. Сондықтан ол өте маңызды нәрсе. Биыл, қателеспесем, 150 бакалавр оқуға қабылданды. Осы техника мамандарын даярлау үшін. Қазіргі балаларда түсінеді маңызды екенін. Келіп оқуға түсіп жатыр. Жасанды интеллектінің қабілеті ерекше болғанымен, оны адамзатпен салыстыруға болмайды. Роботтардың пішінін, санасын қалыптастырған адам, ондағы ақпараттардың барлығын ойлап тауып, орнатқан да солар. Тірі жанға сезім мен түйсік тән. Сондықтан адамзат өркениетінің ең асқақ шыңы – жасанды интелект болса, оның иесі біз екеніміз даусыз.