Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде бүгін алғашқы жекпе-жегін өткізген Жайна Шекербекова қарсыласына жол беріп, жарысты аяқтады.Атап айтсақ, әйелдер арасында 54 келі салмақта ел намысын қорғап Жайна Шекербекова 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримге есе жіберді. Бұл – Италияға аттанған 6 ер, 5 әйел боксшылар арасындағы алғашқы жеңіліс. Осыған дейін шаршы алаңға шыққан өзге боксшыларымыз жеңісті жолдарын жалғастырып келеді. Атап айтсақ, әйелдер арасында 60 келі салмақта Римма Волосенко осыған дейін үш рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жетіп, ширек финалға жетті. Ерлер арасында Сәкен Бибосынов екі рет, Айбек Оралбай, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Асланбек Шымбергенов бір қарсыласпен жұдырықтасып үлгерді. Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін бүгін, яғни 7 наурыз күні бес боксшымыз шаршы алаңға шығатынын жазған болатынбыз.