Бүгін белгілі жазушы, сатирик Көпен Әмірбектің өмірден озғанына бір жыл болды. Күлкінің корифейі атанған Көпен Әмірбек қазақ әдебиеті үшін орасан еңбек сіңіріп, қазақ сатирасын жаңа деңгейге көтерді. Ол «АраШмель» журналы, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қажырлы еңбек етті. «Көпен келе жатыр!...» атты сатиралық театрымен көрерменге кеңінен танылған жазушы жайынды жақындары сыр шертті. Көпен Әмірбек десе, ең алдымен «Көпен келе жатыр» тіркесі есімізге түседі. Мұны естімеген қазақ, сірә, жоқ та шығар. Ал бұл сөздің шығу тарихын жұрт біле бермейді. Сөйтсе, сатира саңлағы елді жиі аралапты. Алғашында «Ара» сатиралық журналында тілшілік қызмет атқарып, бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Түкпір-түкпірдегі ауыл-аймақтарға табан тіреп, мұқым елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды. Содан халық арасында осы бір «Көпен келе жатыр» сөзі тарап кетсек керек. «Көпен Әмірбек қаламының қарымын жұртына жұмсап, қара қылды қақ жарған әділ адам болды»,- деп еске алады жақындары. Ойын-күлкі арқылы талай шындықты астарлап жеткізген шебер жазушы «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Өзіңді танисың ба?» атты әзілсықақ, сын мақалалар кітабының авторы. Смағұл ЕЛУБАЙ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ: Адамның жан дүниесін төнкеріп, адамды күлдіру үшін бір терең салмағы болу керек айтылған әңгіменің. Қоғамға қатысты, адамға қатысты. Сондықтан да Көпеннің орны бөлек еді. Сол қымбат күлкі жағында жүрген сатирик болатын. Сөйтіп ол қоғамды емдеуші, күлкі арқылы арытушы рөл атқарған сатирик болды. Ақын Ұлықбек Есдәулет Көпен Әмірбекпен сонау студент кезден аралас-құралас, жақын дос болған. Өзінің дарынымен қатарластарын басып озған бірден-бір жазушы болғанын айтады. «Ісіне адал, айналасына шуақ шашып жүретін жайдары жан еді»,- дейді. Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ: Сатира үшін туған адам екенін сол кезде байқап, соған көзім жетті. Ең бірінші оқыған өлеңі менің есімде қалып қойды әлі күнге дейін. Бұл 1972 жыл. Темекі тартатын қыздар туралы өлең оқыды. Енді оның өзі сатира ғой. «Қаракөз паравоз» деген тақырыбының өзінен адам күле бастайды. Ал үйде Көпен Әмірбек отбасының тірегі, жақсы жар, үлгілі әке бола алды. Жақында жұбайы Әйгерім Асанова «Көңілдегі Көпен» атты арнайы естелік кітап шығарған екен. Әйгерім АСАНОВА, К. ӘМІРБЕКТІҢ ЖҰБАЙЫ: Әне-міне дегенше, уақыт та зымырап жетіп қалды. Бір жыл өте шықты. Жеңіл түсе ме десем, керісінше қиынырақ. Оны балаға білдірмеуге тырысамыз. Кішкентай Жұбаныш деген ұлымыз бар. Тура әкесі сияқты ол да қалжыңбас. Үндемей отырып, бәрін бақылайды да, қалжыңды қоя салады. Оның атын өшірмейміз еш уақытта. «Жазушының жарыққа шықпаған қолжазбалары жетерлік»,- дейді жұбайы. Соны алдағы уақытта халыққа жеткізуді жоспарлап отыр. Артында өлмейұғын сөз қалдырған өр тұлғаның жарқын бейнесі мәңгілік ел есінде қалмақ.