«Жекеменшікке өтіп, қараусыз қалған су қоймаларын қайтару керек». Депутат Бақытжан Базарбек бүгін осындай мәселе көтерді. Ол жекеменшіктегі нысандар мемлекеттің бақылауынан шет қалып қойып отыр деді. Сондықтан оны түгендеу маңызды екенін айтты. Себебі келешекте су тапшылығы өзекті мәселеге айналады.Елімізде 1500-ге жуық гидротехникалық құрылғы бар. Оның 333-і республикалық меншікте, 900-ге жуығы – коммуналдық, ал ең қызығы 228-і жекеменшікте болса, қалған 22-сі иесіз қалған. Депутат Бақытжан Базарбек келешекте мұның зардабы үлкен болатынын айтты. Бақытжан БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұрғаны, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынғаны беймәлім. Жекеменшік нысан болғаннан кейін, оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалып отыр.Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеу жасап, жай-күйін нақтылау қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару кезек күттірмес іс болып табылады. Ал Сергей Пономаревтің айтуынша, Қазақстан 90%-дан астам мөлшерде іргелес мемлекеттердің суына тәуелді. Ал 2030 жылға қарай іргелес өзендердің ағыны 11%-ға қысқарады. Бұл - Балқаш көлінің көлеміндей судың жоғалуына тең. Мәжілісмен тығырықтан шығудың жолы су үнемдеу технологияларын көбейту екенін айтты. Үкімет әзірге су үнемдеу бойынша белсенділік танытып отырған жоқ деді. Сергей ПОНОМАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ: Еуропалықтар біздің көлікті ауыз сумен жуатынымызды көргенде есінен танып қалатын шығар. Бізден басқа бәрі бұл әрекетімізге таңғалады. Президент су тұтыну мәдениетін қалыптастыру мақсатында суды нормадан тыс тұтынатындарға жоғары тариф енгізу міндетін қойды. Бұл дұрыс шешім.Еріктілерді ауыз суды үнемдеу және ел азаматтарында жауапты су тұтынуды қалыптастыру бойынша жаппай түсіндіру жұмыстарына қосылуға шақырамын. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осы орайда Үкіметтің есебін тыңдауға шақырды. Себебі бұл өте өзекті мәселе деді. Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Шынында да өте өзекті мәселе көтеріп отыр. Өткен аптада да әріптестеріміз көтерген болатын. Сондықтан айтылған ұсынысты келесі отырыстардың біріне Үкімет мүшелерін шақырып, осы жерде суды үнемдеу, тиімді тиімді пайдалану бойынша есебін тыңдаған дұрыс деп ойлаймын. Біріккен ұлттар ұйымының болжамынша, алдағы 15 жылда Қазақстанда өте ауқымды су тапшылығы басталуы мүмкін. Ал 2050 жылға қарай тапшылық 3 есе артады. Тіпті орталық Азия аймағында соғыс болуы мүмкін деген болжамдар да бар. Сондықтан депутаттар бұл мәселені бүгіннен бастап реттемесек, келешек ұрпақты сусыз қалдырамыз деп алаңдайды.