Қазақстандықтар Астанада түсірілген даулы видеоны талқылап жатыр. Видеода жігіт ролик конькимен автобусқа отырмақшы болған, бірақ жүргізуші оны ішке кіргізбеген, - деп хабарлайды Massaget.kz.Блогер Диас Әбдірахмановтың видеосы Қазнетте тарап кетті. Ол ролик конькимен қоғамдық көлікке қалай кірмек болғанын видеоға түсіріп алған, бірақ жүргізуші рұқсат етпеген. Жігіт автобусты басып озып, келесі аялдамада ештеңе болмағандай қайта кірген."Автобустардағы жүргізушілермен бітпейтін жанжал", "Құлап қалсаң, жүргізуші жауап береді. Өзіңе ғана емес, өзгелерге де зиян келтіруің мүмкін", "Автобустарда балмұздақпен не, роликпен кіруге болмайды деген ескертпелер бар ғой", "Роликпен тезірек жетер едің", - деп жазған Желі қолданушылары.Диас бұған дейін де автобусқа роликпен мінгенін айтты. Алайда мұндай мәселе алғаш рет туындап отыр."Автобусқа жақындай бергенімде, жүргізуші алдыңғы есіктерді жауып тастады, артқы есіктерге бардым - ол да жабылды. Есікті қағып, кіруімді өтіндім, ол қоғамдық көлікее мұндай роликпен кіре алмайтынымды айтты. Мен бұған қатысты ережені көрсетуін сұрадым, бірақ жауап алмадым. Өкінішке қарай, жүргізуші өзін дұрыс ұстамады. Егер жалпыға қолжетімді ережелер болмаса, онда қандай талап болуы мүмкін ", - деді ол.Редакция тілшісі бұл жағдайға қатысты Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінді. Оқиға 10 маусымда №23 бағыттағы көлікте вокзал аялдамасында болған."Жүргізушісі тарапынан заңбұзушылықтар болған жоқ. Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережесіне сәйкес, елордада көлемі мен салмағы 60х40х20 сантиметрге дейінгі бір дана қол жүгін және 20 келіден аспайтын, сондай-ақ, қораптағы бір жұп шаңғы, балалар арбасы немесе шана (тек автобустарда) алып жүруге рұқсат етілген. Роликті коньки мінген жолаушы автобусқа кіре алмайды, өйткені бұл ережемен реттелмеген», - деп хабарлайды баспасөз қызметі өкілдері.Әкімдік "Автомобиль көлігі туралы" Заңның 22-бабына сәйкес тасымалдаушы (жүргізуші) жолаушылардан қоғамдық тәртіпті және автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін сақтауды талап етуге құқылы және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін түсіндірді. Әкімдік роликпен жүретіндерге қоғамдық көлікке мінер кезде өзімен бірге ауыстыратын аяқкиім алуды ұсынды.