Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға төленетін біржолғы төлем 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді. Қосымша әлеуметтік қолдау мақсатында Алматы қаласы мәслихатының қолданыстағы шешіміне өзгерістер енгізілді. Онда желтоқсан оқиғасына қатысушыларға біржолғы әлеуметтік көмек мөлшері 150 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл көмекті желтоқсан оқиғасына қатысқан 676 адам алды. Ал Ауғанстаннан шығару күніне 100 мың теңгеден жаңа төлем енгізілді. Осылайша басқа мемлекеттердің аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдардың ардагерлері 200 мың теңге алады: 9 мамыр мен 15 ақпан қарсаңында 100 мың теңгеден, - деді Бауыржан Жаубасов. Оның айтуынша, жыл сайын әлеуметтік көмектің мөлшері қайта қаралады, сондай-ақ көмектің жаңа түрлері енгізілетінін атап өтті. Желтоқсан оқиғасының ақталған қатысушылары қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге құқылы. 2024 жылы 2,9 мың ауған ардагері мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 700 қатысушысын (444 млн теңге) қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз ету жоспарланып жатыр,- дейді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов