Бюджет қаражатын бармақ басты, көз қысты жолмен жымқырып, шетел асырғандар "жегендерін" мемлекетке қайтарып жатыр. Олар үшін тәбеті тартқанша теңгені талан-таражға түсіретін кезең келмеске кетті. Мемлекет басшысы "заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойғаннан бері 837 миллиард теңге Үкімет қазынасына түсті. Ол ақша қайда жұмсалды? Жемқорларға қандай жаза қолданылды? Аружан Задабек айтады. Мемлекеттен сыртқа заңсыз шығарылған ақша көлемі туралы нақты дерек жоқ. Сұрағымызға жауапты комиссия 140 млрд АҚШ доллар деп мәлімет берген. Бірақ, бұл тек – ресми статистика. Бейресмиін есептесек, бұдан еке есе, тіпті төрт есе көп болуы мүмкін. Әркімнің айтатын ақпараты да әртүрлі. Кей сарапшы олардың жалпы соммасы - 30, енді бірі 500 миллиард долларға дейін барады дейді. Қыруар қаржының көлеңкеге өтіп, көзден таса болғанын айтқан Президент дереу мәселені шешуді тапсырды. Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Президент құжатқа қол қойды. Қалтасы қалың, сөзі өтімділердің осы сәтте тыпыршықтап қалғаны жасырын емес. Өйткені, олигархтардың меншігіндегі мүлікке тексеріс басталды. Енді қылмыстық схэмаға қатысы бар деген бай-қуаттылардың тізімі жасалып, зәулім сарай, қымбат көлік пен табысты бизнестің қашан және қалай келгені сұралады. Декларация толтырып, 3 айдың ішінде барлық дүние мүлкіне есеп береді. Егер дәлелдей алмаса, мүлкі тәркіленіп, қаржы активтерді басқаратын компанияға өтеді. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ БОЙЫНША ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ: Қайтару шаралары Комиссияның барлық мүшелерімен және тартылған мемлекеттік органдармен қабылданады. Жоғарғы Сот бұрын негізсіз олигополия субьектілерінің пайдасына шығарылған шешімдерге Бас Прокурордың 24 наразылығын қанағаттандырды. Мысалы, Алматы ауыр машина жасау зауытының 31% акциясын жекешелендіруді заңсыз деп тану туралы сот шешімі қабылданды. Егер азамат заңсыз иеленген қаржысын қайтарудан бас тартса, жауаптылар қатаң тәсілді қолдануға көшеді. Мәжбүрлі қайтару процессі Қазақстанның, шет мемлекеттердің сот актілері немесе олардың құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Ал өз еркімен қайтарғандар жауапкершілікке тартылмайды. «Майшелпекке» шылқыған кей басшылар жазадан қорықса керек, заң қабылданғаннан кейін ерікті түрде қайтаруға кіріскен. Дәлірек, 172 миллиард доллар дәл осындай жолмен қайтарылды. Әлижан ОМАРОВ, САЯСАТТАНУШЫ: Мемлекет басшысының "Ел болам десең бесігіңді түзе" деген қазақтың даналығы бар. Сол себептен білімге деген назар аударып, емхана емес немесе зауыт, фабрика емес ең бірінші мектеп салып жатқанына үлкен бір өзіміз қуантарлықтай жәйт. Өйткені білімді ұрпақ ол ертеңгі күні болашағы зор болатын мемлекет. Жемқорлардан тәркіленген қаржыға 76 мың оқушыға шақталған 62 білім ордасы салынды. Жұмыс әлі де жалғасады. Қазір елде 1 миллион балаға білім ошақтарында орын жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін, кемінде мың ғимарат салынуы тиіс. Экономист Бауыржан Ысқақов орта есеппен алғанда бір мектепке 1,7 миллиард теңге кетеді, - деді. Демек, осыған дейін қайтарылған ақшаға, шамамен, 492 мекеме салуға болды. Қайтқан ақшада қайыр бар деген - осы. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ: Қай өңірлерде мектеп тапшылығы өзекті болып тұр? Мысалы, Түркістан облысы, ШҚО сол жерлерге нақты қоғамдағы белсенді топтардың, қоғам қайраткерлердің көмегімен, яғни, бір жақты ғана пікір болмауы керек. Барлығы да осыны кең көлемде зерттеу арқылы қай жерге дәл қазір қандай қажеттілік бар, сол жерге жұмсайтын болса, біз үлкен бюджеттің тапшылығын жоюға мүмкіндік береміз. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Иә, қыруар қаржының есебін көріп шенді-шекпенділердің «тәбетіне» таңдай қақпасқа амалың қалмайды. Ақшаны қайтару бір жөн, заңсыз әрекеттің жолын кесу – бөлек әңгіме. Оны шектейтін тек бүкілхалықтық деклорация. Осы арқылы жемқорлықтың жолын кесуге болады. Ал ол жоспар бойынша тек 2025 жылы басталады.