Кеше басталған жеңілдетілген пайызбен автонесие бойынша мемлекеттен қосымша қаржы бөліну мүмкіндігіне қатысты түсінік берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Әзірге қосымша өтінім түскен жоқ. Бізде автонесиеден басқа да әлеуметтік маңызды бағдарламалар бар», - деп қысқа қайырды Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет үйінде тілшілердің сауалына жауап бере отырып. Бұған дейін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров Үкіметке жеңілдетілген автонесие жобасының сомасын ұлғайту туралы ұсыныс жолдаулары мүмкін екенін айтқан еді. «Біз Үкіметке мынаны ұсынамыз. жеңілдетілген автонесиеге деген ел ішіндегі сұраныс қазір бөлініп отырған сомадан жоғары екенін жеткіземіз. Есіңізде болса, былтыр 100 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір сол ақша револьерлік жүйе бойынша игеріліп жатыр», - деді ол. Сондай-ақ өтінімдерді қабылдау шарасының қорытындысы бойынша Үкіметке есеп беретіндерін атап өтті.