Павлодарда шахта маңында автобуспен бірге жер астына түсіп кеткен құтқарушылардың екеуі әлі табылмай жатыр. Екі күннен бергі іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. 150 метр тереңдіктегі шұңқырды топырақ басып қалған. Жыраның шеті сәт сайын опырылып, құтқарушыларға қиындық тудырып тұр. Іздеу жұмыстарына Астанадан арнайы кинолог мамандар шақырылды. Өйткені, терең шұңқырға түсу құтқарушылардың өзіне де қауіп төндірген. Құтқару жұмыстарына барлығы 116 адам мен 23 техника жұмылдырылды. Олег ТРЕЩЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Іздеу жұмыстарына топырақтың құлай беруі кедергі келтіріп тұр. Дегенмен де, құтқарушылар қиындыққа қарамастан құмды қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Мереке Пішенбаев жүр. Естеріңізге салайық, оқиға кеше «Майқайың алтын» шахтасында болған. Жер опырылып, құтқарушылар мінген автобус жерастына түсіп кетті. Ішінде 4 адам болған. Оның екеуінің ғана мүрдесі табылды. Марқұмдардың отбасына кәсіпорын тарапынан 4,5 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілмек. Ал полиция қылмыстық іс қозғады. Рашад ӨТЕУОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қлымыстық кодексінің 277-бабы бойынша қылымыстық іс қозғалды. Арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министірінің ерекше бақылауында.