Бүгінге дейін жер сілкінісінен қираған және құлау алдында тұрған 156 мың ғимарат анықталды. Бұл туралы елшілікте өткен брифингіде Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи айтты.«Түркияда қазір ғимараттарға келтірілген залалды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 1 млн 188 мыңға жуық ғимарат зерттелді. Оның ішінде 156 мың ғимарат қираған немесе құлау қауіпінің алдында тұр», - деп мәлім етті елші. Қоса кетейік, ол сонымен бірге Түркия халқына көмек ретінде қазақстандықтар 5 млн доллар жинағанын айтты. Уфук Екиджи қолдау білдірген ел Үкіметі мен барша азаматтарымызға алғыс білдірді. Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Қазақстандықтар зілзаладан зардап шеккен Түркия халқына көмек көрсету үшін 5 млн доллар жинады