Жетісайлық шаруалар қауын экспортын бастап кетті. Алғашқы өнім Ресейге жөнелтіліп жатыр, - деп жазды KAZINFORMБүгінде Жетісай топырағына егілген қауын дақылдарының алғашқы легі пісіп үлгерді. Қазір диқандар егістік алқабынан теріп алған өнімдерін экспортқа дайындап жатыр. Соның бірі – жергілікті тұрғын Әл-Фараби Күзенбаев. Бірнеше жылдан бері диқаншылықпен айналысып жүрген шаруа Абай ауылдық округіндегі 45 гектар жеріне ерте көктемде егін еккен болатын. «Ақпан айында отырғызылған қауынның «бакинка» сорты жоспардағы 65 күнде емес, ауа райының жауын-шашынды болуы салдарынан 90 күнде жеуге жарамды болды. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясының Мәскеу қаласына экспорттап жатырмыз. Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Баға жаман емес, келісі 600 теңгеден болып жатыр. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз», - дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.Айта кетейік, биыл аудандағы суармалы жердің 20 мың гектарына егілген бақша дақылдарының 16 мың гектары қауын болса, 4 мың гектары қарбыз дақылы. Өткен жылы 18 780 гектар алқапқа егілген бақшаның 14 мың гектары қауын, 4,6 мың гектары қарбыз болған. Ал жалпы алынған өнім көлемі – 514,3 мың тонна.