Ескелі ауданы, Абай және Ешкіөлмес ауылдарындағы барлық үйді тексеру аяқталды. Нөсер жауын салдарынан су басып, зақым келген 89 үй анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазір 89 үйдің 22-і апатты деп танылып, бұзылатыны белгілі болды. Қалған 67 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі», - деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар елді мекендердегі аула мен көшелерді қоқыстан тазарту жұмысы аяқталды. 200 тұрғын үйдің ауласы толықтай тазартылып, 200 тоннадан астам қоқыс шығарылды. ТЖ салдарын жоюға 400 адам мен 50-ден астам техника тартылды. Әкімдік қазіргі кезде мұндай төтенше жағдайды алда болдырмау үшін канал арнасын кеңейту, тазарту жұмысы жүріп жатқанын айтты. Сонымен қатар 7 көшедегі 12,7 шақырым тасжол орташа жөндеуден өтіп, осы елді мекендердегі 4 көшеде ұзындығы 4 шақырым болатын жарықтандыру жүйесі орнатылады. Материалдық шығынды есептеу аяқталған соң зардап шеккен тұрғындардың бәріне қажетті материалдық көмек көрсетіледі. 12 тамызда Жетісу облысы Ескелді ауданы Ешкіөлмес ауылында нөсер жаңбыр жауып, төрт көшені су басып қалғанын еске сала кетейік. Нөсер жауыннан 99 аула мен 21 ұрғын үйді су басты.