Браконьерлікпен айналысқан күдікті 3 ақпанда Сарқан ауданындағы Балқаш көлі маңында облыстық табиғатты қорғау полициясы және Балқаш – Алакөл Балық инспекциясының қызметкерлерімен ұсталды.Оның УАЗ маркалы жол талғамайтын көлігінің ішінен құқық қорғаушылар 120 келіден астам заңсыз ауланған балық пен тыйым салынған моножіпті торларын тәркіледі. "Ұсталған жергілікті тұрғынға қатысты балық ресурстарын заңсыз алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Келтірілген залал әзірге есептелуде. Тәркіленген балық кейіннен сату және түскен қаражатты мемлекет пайдасына аудару үшін қабылдау пунктіне тапсырылды", – деді Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының бастығы Бағлан Рымжанов.12 келіден астам табан және 113 келі астам көксерке балықтары, сондай-ақ 100 метрден астам моножіпті торлары тәркіленді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.