Ақтөбе облысында үш адам опат болған қайғылы оқиғаның мән-жайы айтылды. Жол апаты Ырғыз ауданында, облыс орталығынан төрт жүз шақырым жерде болды. Жаныс би ауылынан республикалық олимпиаданың аудандық кезеңіне қатысу үшін 5 оқушы мен олардың ұстазы жолға шыққан. Бұл туралы Bugin.kz хабарлайды.Астана телеарнасының мәліметінше, кенет Toyota Alphard жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан. Соққыдан минивэн аударылып, сол жерде он бірінші сыныптың екі оқушысы мен олардың мұғалімі қаза тапты. Қалған үш бала аудандық ауруханаға жеткізілді. Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев: "Зардап шеккен үш оқушының жағдайы орташа ауыр. Бас дәрігермен сөйлестім, ол өмірлеріне қауіп төндіретіндей жағдай жоқ екенін айтты. Балалар бақылауда болады", - деді. Олимпиадаға барлығы 10 оқушы баруы керек болған. Бесеуі полициямен бірге жолға шыққан, ал қалғандарын ата-аналары алғашында ауа райына байланысты жібермепті. Бірақ соңғы сәтте олар шешімін өзгертіп, балалар жолға шыққан. Аудан орталығына оларды қайтыс болған қыздың ағасы алып шыққан. Жол апаты бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды.