Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын белгілеп берді. Осылайша экономикалық саясаттың жаңа моделіне көшудің нақты және тиімді тетіктері айқындалды. Олар әділдік, инклюзивтілік, тиімділік және прагматизм қағидаларына табан тірейді. Ұсынылған шаралар экономикадағы құрылымдық өзгерістерге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Бұл туралы Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды.Сенат спикері ұлттық бизнесті қолдау Презденттің ерекше назарында екенін атап өтті. «Ұлттық бизнестің мүддесін қорғау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау да Президентіміздің ерекше назарында. Сондай-ақ Жолдауда инвестиция тарту бойынша нақты шаралар көрсетілді. Осы ретте өңдеу өнеркәсібіне серпін беру үшін шетелдік және отандық инвесторлар алғашқы үш жылда салықтан босатылатынын баса айту керек. Реформалардың маңызды бағыттарының бірі - салық және бюджет заңнамасын одан әрі жетілдіру. Бұл ретте Парламент Үкіметпен бірлесіп, елдегі кәсіпкерлік және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тетіктерді пысықтайды», - деп жазды Мәулен Сағатханұлы. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының су ресурстарын ұтымды пайдалану және көлік-логистика саласын дамыту жөніндегі мәселелерге баса назар аударуының да маңызы зор екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Осы салада қордаланған проблемаларды жүйелі шешу үшін жеке министрлік құрылды. Мұндай қадам еліміздегі су қауіпсіздігі мәселелерін мақсатты түрде шешуге және саланы жоспарлы дамытуға мүмкіндік береді. Президентіміз көлік-логистика саласын да одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Жаңа бастамалар еліміздің қуатты логистикалық әлеуетін тиімді іске асыруға жол ашатыны анық. Жаңадан құрылған Көлік министрлігі осы бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізеді», - деді Сенат Төрағасы. Одан бөлек Сенат спикері «Келешек» бағдарламасын қабылдаудың айтарлықтай маңызды қадам болғанына тоқталды. «Демографиялық үдерістерді ескере отырып, бүгін Мемлекет басшысы «Келешек» атты жаңа бағдарлама әзірлеу туралы бастама көтерді. Бұл – балалардың білім алуы үшін бастапқы капиталды жинақтауға көмегін тигізетін маңызды қадам», - деді Мәулен Әшімбаев. Сенат Төрағасы өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыру туралы тапсырманың оң шешім болғанын айтты. «Сондай-ақ Президентіміз Жолдауда өңірлердің бюджет саласындағы дербестігін арттыруға арналған нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес салық төлемдерінің бір бөлігін аймақтарға беру көзделіп отыр. Бұдан былай аудандық әкімдіктер бюджетті өздері жасақтай алады. Бұл, өз кезегінде, жергілікті жердегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Осы ретте әкімшілік реформаның жалғасатынын атап өту қажет. Соған сәйкес Үкімет мүшелері мен әкімдердің жауапкершілігі артады. Мемлекеттік жоспарлау барынша жинақы және икемді бола түседі», - деп жазды ол. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Мемлекет басшысының осы және өзге де бастамалары, ең бірінші кезекте, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға және экономикамызды әртараптандыруға бағытталған. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал өте күрделі. Аталған бастамаларды іске асыру осы шешуші кезеңде еліміздің теңгерімді және сапалы дамуына тың серпін береді. «Осы орайда ерекше назар аударатын жайт, айтылған тапсырмалардың басым бөлігі үш жылдың ішінде жүзеге асуға тиіс. Экономикалық дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру үшін берік құқықтық база қажет. Сондықтан Президентіміздің барлық реформасын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл ретте Парламент Сенаты Мәжілістегі, Үкіметтегі әріптестерімен, сарапшылармен және мүдделі тараптармен әрдайым белсенді жұмыс істейді. Қорыта келгенде, экономикалық саясаттың жаңа үлгісін жүзеге асыру еліміздің тұрақты, сапалы әрі ұзақ мерзімді экономикалық дамуына негіз болады. Бұл бастамалардың барлығы Әділетті Қазақстан құру ісіне сомды үлес қосатыны сөзсіз», - деп түйіндеді ойын Мәулен Әшімбаев.