Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшелері Алматыдағы жеке меншік компанияның еңбек ұжымымен кездесті.Кезекті кездесуге жүзге жуық азамат жиналды. Санитарлық-гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын бұл кәсіпорында 300-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Саяси ұйым белсенділері еңбек ұжымына өздерінің сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп, партия тұғырнамасымен таныстырды. Ал кәсіпорын еңбеккерлері медицина, білім салалары және тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақ қойып, жауап алды. Жалпы партияның Алматы аймақтық штабында жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Саяси науқан басталғалы кандидаттар бүгінге дейін 80-нен астам үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Өңірдегі барлық елді мекенді аралап, тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Қазіргі таңда 50 мыңға жуық парақша таратылып, плакат ілінді. Оған 100-ден аса волонтер жұмылдырылды.