Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында волейболдан Қазақстан командасы айтарлықтай төмен нәтиже тіркеді. Әйелдер құрамасы 8-орынға табан тіресе, ерлер 9-сатыға тұрақтады. Волейболдағы бұл көрсеткіш кездейсоқ емес. Соңғы жылдары Қазақстан командалық спорт түрлерінен артқа кетіп барады. Әлемді айтпай-ақ, біздің спортшыларға құрлықта жүлде алу мүмкін болмай тұр. Ал 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, 2010 жылы Азия ойындарында үздік үштікке енген, әлемдік Гран-при серияларында әйгілі Бразилиядан қаймықпаған волейболшы қыздардың бүгінгі халі тым мүшкіл. Команда менеджері Ермек Сырлыбаевтың айтуынша, дәл қазір олардан үлкен нәтиже күтудің өзі – ұят нәрсе. Волейболдан неге мән кетті? Жағажай және классикалық волейболдан құрлықтағы нәтижеміз неге төмен? Бұл сұрақтарға федерацияның бас хатшысы, халықаралық дәрежедегі төреші Ермек Сырлыбаев жауап берді,- деп хабарлайды BasSport.kz.Волейболдан нәтиженің нашарлауына ең басты себеп – қаржының жеткіліксіздігі. Бұрын басшылық классикалық және жағажай волейболын толықтай қаржыландыратын. Қазір біз өзімізге қажетті соманың 25 пайызын ғана алып отырмыз. Осының салдарынан, толыққанды оқу-жаттығу жиындары өтпейді, халықаралық матчтарды қабылдай алмаймыз, әлемдік жарыстардан сырт қаламыз. Бұл – екінші себеп. Ал инфрақұрылымның жеткіліксіздігі – үшінші себеп. Біздің оқу-жаттығу жиынын өткізетін базамыз да жоқ. Осыдан кейін волейболшылардан қалай жүлде күтеміз? Мақтанатын медаліміз жоқ! Тіпті, ойыншылардың жалақысын да уақытылы төлей алмаймыз, - дейді Сырлыбаев. Команда менеджерінің айтуынша, волейболшылар қазір әлемдік федерация күнтізбесіндегі ірі жарыстарға қатыспайды. Бұған да қаржының жоқтығы қолбайлау боп отыр. Классикалық волейбол шеберлері кем дегенде төрт халықаралық турнирге қатысуы тиіс. Ал жағажай волейболынан жарыс, тіпті, көп. Бұрынғыдай әлемдік турларға қатысатын ақша жоқ, сондықтан, Азиядағы жарыстармен шектелеміз. Иә, команданың айы оңынан туып тұрғанда әлемдік Гран-при турнирлеріне қатыстық. Ал қазір бұл дода біз үшін арман боп қалды. Себебі, әлемдік рейтингте күрт төмендеп кеттік. Әлемдік рейтинг бойынша алғашқы 24 команданың қатарына кірмегендіктен, Ұлттық лига (бұрынғы әлемдік Гран-при және Әлемдік лига) кезеңдеріне қатыса алмаймық. Бұл турнирлерге жолдама алу үшін маңыздылығы жөнінен FIVB-дағы екінші турнир саналатын Challenge Cup бәсекесінде топ жару керек. Өкінішке қарай, әйелдер командасы еуропалықтардан ұтылды. Ал ерлеріміз бұл жарыста соңғы рет 2019 жылы ойнаған, - дейді ол. Ермек Сырлыбаев қаражаттың аздығына қарамастан, еліміздегі клубтық жарыстардың жақсы деңгейге көтерілгенін және балалар лигасының қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Біз клубтық деңгейде өте жақсы ойнап жүрміз. «Алтай» мен «Қуаныш» әйелдер командасы Азия чемпионы атанып, клубтар арасындағы әлем чемпионатында сары құрлық намысын қорғады. Ерлерден «Петрель» қола жүлдегер атанса, «Тараз» төртінші орынға ие болды. Сондай-ақ еліміздегі балалар лигасына бар күшімізді салудамыз. Өйткені, бізде басқа спорт түрлеріне қарағанда волейболмен айналысатын балалар саны өте көп. Қазақстанның барлық аймағында дерлік волейбол қарқын алып келеді. Сондықтан, резерв бар. Балалар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысатын командалар саны да жүзге жетіп жығылады. Ал биыл жағажай волейболынан рекорд орнады. Балалар чемпионатына 150 команда қатысты. Біздің мақсат - осы негізді жоғалтпай, жас балалардан ұлттық құрама деңгейіне дейін өсетін мықты спортшыны тәрбиелеу, - дейді маман. Волейболдан ұлттық құрама менеджері еліміздегі спортты дамыту үшін басқарудың жаһандық жүйесіне толығымен көшу керектігін қадап айтты. Ұлттық Олимпиада комитеті элиталық спорт түрлері үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға міндетті. Туризм және спорт министрлігі спортты дамытудың және ұлттық құрамалардың резервтерін дайындаудың заңнамалық негізі болып табылады. Бұқаралық спорт Білім, Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында болуы керек. Командалық спортты дамыту үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектептерді қайтару керек. Спортты дамытудың нақты жоспары болсын. Толық қаржыландыру қажет. Заманауи, толық жабдықталған инфрақұрылым болуы керек. Кәсіби жаттықтырушыларды дайындауға ерекше көңіл бөлсек, ұтылмаймыз. Бұл резервпен жұмыс істеу үшін қажет. Медициналық тұрғыдан толығымен қамтып, спортты ғылыми-зерттеу институтын құрсақ, мұртымызды балта шаппайды. Сондай-ақ, бізге спорт психологтары мен диетологтар аса қажет, - деді Ермек Сырлыбаев.