Өскемен тұрғыны Андрей Мустафинов былтыр 19 қыркүйекте жоғалды. Содан бері оның анасы құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Ольга Мустафинова жуықта Астанаға барып келген. Бірнеше ұйымға жүгініп, көмек сұраған. Ол жақтағылар бұл жайт ерекше бақылауға алынғанын айтыпты. "Ұлым былтыр таңертең жұмбақ жағдайда жоғалды. Ұялы телефоны мен заттары үйде қалған. Ол кезде жазға салым киген киімі жұқа болды, аяғына шәркейін іліп үлгеріпті. Бір жаққа кетсе ескертер еді, оны біреулер ұрлап кеткендей", - деді анасы.Ол содан бері тәртіп сақшылары мен облыстық прокуратураға арыз жазып, көптен көмек сұрап келеді. Дегенмен ол іздеу жұмыстарының сылбыр жүріп жатқанын айтты. Әйелдің сөзінше, орман мен жайылым тексерілмеген."Андрей жоғалған күні үйдің ауласына көлік келгені анықталды. Бірақ оны да анықтап, тексермепті. Биыл 10 наурызда облыстық прокуратураға барып, осы бойынша сұрақтарымды қойып едім, бүгінге дейін жауап ала алмай келемін", - деді Ольга Мустафинова.Жоғалған 27 жастағы жігіттің анасы бас прокурордың қабылдауына да жазылған. Енді ол іздеу жұмысының анық-қанығын сол жақтан білмек.