Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын жүзеге асыру шаралары «AMANAT» партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды.Іс-шараға партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Мәжіліс депутаттары, өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты. Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев атап өткендей, партиялық бақылау органдарының жұмысындағы басты бағдарлар: Мемлекет басшысының Жолдауы, Президенттің сайлауалды бағдарламасын және партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол карталары сияқты негізгі құжаттар болуы тиіс. «Бұл ретте атқарылар жұмыс ауқымды. Жолдаудың әрбір тармағын жүзеге асыру бойынша біз оған жауапты партия мүшелері мен орындау мерзімін анықтап алуымыз керек. Сондықтан аумақтық партиялық бақылау комиссиялары нақты мәселелер мен проблемалар бойынша өздерінің жедел айлық жұмыс жоспарын жасауы тиіс. Қажет емес қағаздар мен құжаттар дайындап, жиындарды тым ресмилендірудің қажеті жоқ. Партия Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмалардың орындауда алғы шепте болады», - деді ол. Комитет мүшесі, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Президенттің мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту және отандық өндірушілерді қорғау жөніндегі тапсырмасына назар аударды. «Депутаттық сапар барысында азаматтар мемлекеттік сатып алуларда Қазақстанда жасалған өнімдердің қамтылу мәселесін жиі көтерді. Тұтастай алғанда, отандық өнімге немқұрайлы қарау бізде барлық жерде орын алып отыр. Қит етсе, заңнаманы кінәлап шығады. Бірақ заңда жергілікті тауар өндірушіні мемлекеттік сатып алуға қатыстыру үшін жеткілікті жағдай жасалған. Тек бұл шарттар үнемі орындалмайды, әсіресе, жалпы сатып алу көлемінің 60%-ы тиесілі болып отырған квазимемлекеттік сектор компаниялары бұл талаптарды орындамайды» , - деді ол. Депутат Мемлекет басшысы өз Жолдауында салалық цифрландыруға баса назар аударғанын айтты. Жалпы, цифрландыру бойынша еліміздің белгілі бір деңгейде жетістіктері болғанымен, нақты салаларда (су, жер, жер қойнауы) проблемалар бар. «Сапалы дерек пен дәйек ұсыну кезінде әдетте жергілікті деңгейде жағдай бұрмаланады. Ешкім ашықтықты қаламайтындықтан осындай олқылыққа жол беріледі. Себебі бұл сыбайлас жемқорлық пен алаяқтыққа «кедергі» келтіреді ғой. Салалық мәселелер есептегіштерді орнатудан бастап мәліметтер базасын жүргізуге дейін тоқтап тұр. Президент айтқан еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне келсек, жұмыс берушілер көбінесе Еңбек кодексінің талаптарын орындауға құлықсыз. Еңбек қауіпсіздігін де партиялық бақылауға алу қажет», - деді Екатерина Смышляева. Оның сөзімен «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов те келіседі. «Жергілікті жерлерде салалық цифрландыруға қарсы әрекет етуде. Себебі ашықтық қарамап қалғысы келетіндерге қолайсыз. Қаражат қайда жұмсалып, жобалар қалай жүзеге асып жатқаны айқын көрінген кезде, ашықтық қалыптасады. Сондықтан салалық цифрландыру міндетті түрде жүргізілуі керек», - деді ол. Жиын қорытындысы бойынша Комитет мүшелері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруына қатысты бірқатар ұсыныс қабылдады. Сонымен қатар, партиялықтар депутаттық корпусқа Үкіметтің аналитикалық мәліметтер базасына қол жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды.