Түркістан облысы, Шәуілдір елді-мекенінің тұрғыны, 6 баланың анасы Гауһар Жұмаділдә мешітте имам болып қызмет ететін күйеуінің нағыз тиран екенін айтып, “Көреміз” бағдарламасынан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Гауһардың айтуынша, өзінің де, тиран деп айыптап отырған күйеуінің де бұл екінші некесі. Ол діни қызметкерге Алладан қорқатын адам, әйелге қол көтермейді деген сеніммен тұрмысқа шыққан. Алайда барлығы ол ойлағандай болып шықпады. Келіншек екінші күйеуі Төрехан отау құрғанда ол имам емес, сатушы болып жұмыс істегенін айтады. Оқып келіп, жұмыс таппай жүрген кезі еді. “2010 жылы маусым айында шаңырақ көтердік. Үйленген кезде мен 23-те, ол 35 жаста болатын. Арамыз 12 жас. Мен бірінші некеде болғанда балам шетінеп кетіп, күйеуіммен ажырасып кеттік. Бұл кісі де үйленіп, ажырасқан. Бірінші некеден 4 баласы бар. Үйде ол кісі мүлдем басқа. Ұрады, соғады, өміріме қауіп төндіреді, үйден қуып шыққан кездері де болды. Қателеспесем, 2015 жылы бір қайын әпкеме сәлем саламын деп талақ алдым. Күйеуім сәлем салуға қарсы. “Неге сәлем саласың? Талақсың, кете бер” деп айтқаны бар. Сонда өзінің ағайындары келіп, кешірім сұрап, екеуімізді қосты. Төркініммен, ата-анам, бауырларыммен араластырмайды. Айтуынша, төркінім несие алады, арам ас ішеді. Өзінің рұқсатынсыз ешқайда шығармайды. Қазір жетінші балаға аяғым ауыр”, – дейді Гауһар Жұмаділдә. Оның айтуынша, отбасындағы дау-жанжал жаң үй салынып, ол 2021 жылы аяқталған соң басталған. Төрехан Әлжан өзі салған баспанасын әпкесінің атына жазып берген. Сол сәттен бастап имам әйелін үйден қуып, бала-шағасына қол көтеруді әдетке айналдырған. Гауһардың ендігі арманы “тиран” күйеуімен ажырасып, үйді 6 баласының атына аудару. “Үйқамақта отырамын. Өзімді де, балаларды да ұрады. Балаларды құжаттарын, балаларға берілетін жәрдемақыны маған бермей, өзі ұстайды. Бірде екеуіміз жөргекке бола ұрысып қалып, ол мені киім ілгішпен ұрып тастады. Маған “сенің жүрегіңе пышақ тығып өлтіремін” деді. Мен бұған дейін “тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шектім” деп күйеуімнің үстінен арыз жазған емеспін. Өйткені үйден қуып жібере ме де қорқамын”, – дейді келіншек. Төрехан Әлжан сатушы болып жүріп Алматыға келіп білім алып, біліктілігін арттырады. Кейін Египетте оқуда жүргенде Гауһар марқұм Әбдуғаппар Смановқа көмек сұрап барған. Ол кісі оның мәселесін ұстаздар алқасына салып көруге ұсыныс жасаған. Бірақ келіншек күйеуінен қорқатынын айтып бұл ұсыныстан бас тартқан. “Төркініме жібермейді, олар хабарласса “өзі барғысы келмейді” деп жауап береді. Үйге ешкім мені іздеп келмеу керек. Жүкті болғандықтан үйге дәрігерлер жиі келеді. Сонда “не үшін келді, сен шақырдың ба” деп болмайтын сұрақтармен мазалайтын. Құрбыларыммен кездесуге рұқсат бермей, себепсіз қызғанады. Мен денсаулығыма байланысты спираль салдым. Мұның бәрі осы медициналық процедураны рұқсатсыз жасағанымнан басталды. Күйеуім бұған қарсы”, – дейді келіншек. Осы тұста әйеліне зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталып отырған Төрехан Әлжан да өз уәжін айтты. “Мен әйелімді ұрмаймын. Алла куә. Адам тұрмақ, мысықты да ұрмаймын. Киім ілгішпен ұрды деп отыр. Ондай жағдай менің есімде жоқ. Бұл кісі неге мұндай жағдайға барды деп ойланып көрдім. Әйелім бірінші некеден туған 4 балама өгейлік танытты. Екіншіден, олардың тәрбиесіне келгенде зұлымдық жасап қойды. Мен бұл туралы ұзақ жылдар бойы бейхабар болдым. Өйткені менің жұмысым өте қауырт еді. Созақ ауданының әкімі болған кезде 6 айлап үйге келмейтін жағдайлар да болды. Бірақ оның ісіне марқұм анам куә. Бірде әйелімнің баламды сабап жатқан жерінен көріп қалдым. Үлкен балам менің көп нәрсе білмейтінімді, кейде 1-2 күндеп аш қалатындарын айтты. Менің қателігім, сол балаларды бөлек шығаруым керек еді”, – дейді Төрехан Әлжан. Десе де ол әйелін орынсыз қызғанатынын, үйден жайдан-жай шығармайтынын мойындады. Айтуынша, жүктілік кезінде әйелін ауруханаға өзі апарады. Мүмкіндігім болмай жатса жанына баласын, қызын ертіп жібереді. Осы орайда Отырар ауданы орталық ауруханасының акушер-гинекологы Гүлнұр Сайдубекова Төрехан мырзаның сөзін жоққа шығарды. “Медбикелер Гауһардың үйіне барып, жүктіліктің 12 аптасында тіркеуге тұруға зорлықпен алып келдік. Мұның алдындағы жүктілікте оны күйеуі мүлде жібермейтін, не өзі әкелмейтін. Босануға 1-2 апта қалған кезде ғана ауруханаға әкеледі. Онда да төбесінде тұрып “Болыңдар, тездетіңдер!” деп тұрады. Ол әйел ешқашан қабылдауға келіп, тексеріліп, емін-еркін жүрген емес. Күйеуі үйінен шығармайды. Бөтен адамдарды үйіне кіргізбейді”, – дейді дәрігер. “Тиран” деп айыпталып отырған имам бар ойы әйелі қиналып қалмаса екен деген ниетпен сыртқа шығармай, өзінің жанында ертіп жүретін көрінеді. Бүгінде Төрехан Әлжан діни қызметкер емес. Имамның қызметінен не себепті босатылғаны туралы Темір ауылының тұрғындары айтып берді. “Бұл имам адамдардың жаназасын шығаруға келмейтін болды. Аяқ асты кетіп қалған жағдайлар да болды. Ондай кезде екінші имамды қайдан табамыз. Кейін әкімдерді шақыртып осы мәселені талқыладық. Бұрынғы әйелі мен балаларына талақ беріп, қуып жіберген. Біз бұрын көрші болғанбыз. Одан кейін әбіржіп біраз жүріп, тағы үйленді. Ақшаны қайдан тапқанын білмеміз, әйтеуір зәулім қылып үй салды, жағдайын жасады, көлік мінді”, – дейді ауыл тұрғындары. Ауылдастарының өзінен күдіктенетінін байқаған имам үй салуға ақшаны қайдан алғанын ашық айтты. “Біз бастапқыда лашық үйде тұрдық. Қазіргі үлкен үйдің салынуына себепші болып, қаражат берген менің әпкем. Қарыз алдым, үй тұрғыздым. Қарызымнан құтыла алмаған соң үйді әпкемінің атына жазып, есептестік. Егер келіншегіммен ажырасып жататындай болсақ, мен ол кісіге басқа үй алып беремін. Біз солай келіскенбіз. Мен уәдемде тұрамын. Үймен қамтамасыз етемі ”, – дейді Төрехан Әлжан. Алайда Гауһар күйеуінің сөзіне келіспейді. Ол қайын әпкесінің қомақты ақша беретіндей ауқатты адам емес екенін айтады. “Мен қалай да ажырасамын. Бұл кісі “жүрегіңе пышақ тығып өлтіремін” деген. Мен өз өмірім үшін қорқамын. Ол ашуланса өзін-өзі ұстай алмай қалады. Ойланбай, бұл менің шешімім. Бар талабым: ажырасу және баспана”, – Гауһар Жұмаділдә. Десе де бағдарламаға келген сарапшылар ерлі-зайыптыны сабырға шықырып, арадағы балалардың тағдырын ескеріп, ажырасу туралы шешімді тағы да ой елегінен өткізіп көруді сұрады. Өз кезегінде Төрехан мырза да әйелінен өзіне мүмкіндік беруін өтініп, жасаған қателіктері үшін кешірім сұрады. Ерлі-зайыпты өзара келісімге келіп, балалары үшін қайта бас қосуға бекінді. Бұл отбасы редакцияның жіті бақылауында болмақ.