Қара басының қамынан қоғамның хәлін жоғары қоятын журналистердің құқығы мен әлеуметтік мәртебесі бүгін Мәжілісте талқыланды. "Масс-медиа туралы" заң жобасында мониторинг жасау, реттеу, бақылау қадағалау туралы бап көп. Бұл міндеттің көбін ақпарат министрлігі өзі атқармақ. 78 баптан тұратын заң жобасында журналистер "баспасөз картасын" алуға тиіс деп көрсетілген. Карта журналистика мамандығын бітіріп, үш жыл осы салада жұмыс істеген тілшіге бір жылға беріледі. Ал кәсіби дипломы жоқ мамандар бұл салада кемі 5 жыл жүруі керек. Бұл картаның қандай қажеттілігі бар? Дау туғызған бұл сұраққа жауап берген вице-министр "әу баста түсіндірме жұмыстарының дұрыс жүрмегенін" айтады.Қанат ЫСҚАҚОВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бұл - міндетті, шектейтін немесе қосымша талаптар қоятын құжат емес. Баспасөз картасы ол ең алдымен журналистерді аккредиттеу, іс-шараларға қатысу, мемлекеттік органдардың ғимараттарына кіруді жеңілдететін құжат болып әзірленеді. Бұған қоса баспасөз картасы министрлік тарапынан берілмейді. Баспасөз картасы тиісті мемлекеттік емес ұйымның атынан беріледі. Пресс картаның дәл қазір еш қажеттілігі жоқ деген депутат Елнұр Бейсенбаев заңдағы кейбір нормаларды сынға алып, өз ұсынысын айтты. Бұл заңнаманың аясында журналистер тұрғын үй бағдарламасында кезекке тұрып, арнайы категориямен үй ала алмайды. Айтуынша, қазірдің өзінде еліміз бойынша 650 мыңнан астам азамат кезекте тұр. Ал жыл сайын берілетін әлеуметтік пәтерлердің саны 10 мыңға жетер жетпес. Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Менің ойымша журналистердің құқығын Конституция және барлық Қазақстандағы заңдар қорғауы қажет. Ал "Масс медиа" заңы ол тікелей журналистердің мүмкіндіктерін, жасай алатын істерін анықтау керек, және журналист немен айналысады, соны айшықтау керек. Журналистерге қандай мүмкіндіктер мен олардың құқықтары бар екендігі масс медиада жазылса, Конституцияда ол шегелену керек. Болды. Әлеуметтік мәселелерімізді қалай шешеміз деп журналистер министрлікке талай сұрақ қойған болатын. Қазіргі таңда министрлік Отбасы банк сонымен қатар екінші дәрежелік банктермен тікелей келіссөздер жүргізу керек.