Денсаулығың жақсы деген анықтама 5 мың теңге тұрады! Дәрігер жағалап кезекке тұрмайсың, үйде шалқайып жатып, бір күнде құжат аласың! Телефон арқылы тілдесіп, онлайн отырып-ақ жағдайыңның оң болуын теңге арқылы шешеді. Әріптесім Аружан Задабек анықтама сататындармен тілдесіп, олардың былығын ашуға тырысты.Әлеуметтік желіде анықтама сату – табыс табудың көзіне айналғалы қашан?! Жарнамадағы нөмерге телефон шалсаңыз, бірден көмектесуге әзір. Солардың біріне біз де қоңырау шалып көрдік. Жеке куәлігіңіздің суреті мен қалтаңызда қаржыңыз болса, бір күннің ішінде «жағдайы жақсы» деген анықтаманы қолыңызға түсіресіз - деді. Қызығы, беттің арын белге байлағандар құжатты қолма-қол бермейді. Өзім барып алып кетейін деп едім, ат тонын ала қашты. Тек такси қызметі арқылы салып жіберетінін айтты. Келістік. Бір күн болмай тапсырысым қолыма түсті. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Міне, маған лезде өзіме қажетті медициналық анықтаманы алып келіп берді. Бұл жерде 075 және флюра да бар. Барлығы заңды түрде. Мөр басылған. Қолымызға қағаз түскеннен кейін мөр басылған мекен жайға бардық. Өзін мекеменің басшысымын деп таныстырған азамат "біз ақшаға сатпаймыз, бәрі заңды түрде" деп ақталды. Ақшаға алған қағазымды жыртып, кетуімді талап етті. Басқа түссе баспақшыл. Халық мұнын дұрыс емес екенін білсе де, асыққанда осы жолды таңдайтындарын айтады. БЛИЦ: - Жауапкершілік аз. Оңай болу үшін халық сатып алады. Дәрігерлердің артынан жүгіргісі келмейді. Уақыттарын құртқысы келмейді. Ауруханаға барсаң, 4-5 сағат жүресің. - Медициналық анықтаманы барлық комиссиядан өтіп, бар құжатты жөндеп істеген дұрыс деп ойлаймын. - Өз денсаулығымызды өзіміз күтуіміз керек қой. Бәрі сатып алатын болса медициналық анықтама не үшін керек? Өтірік алады да, шынымен ауыратындар өзгелерге жұқтырады. Ал, дәрігерлер тұрғындар анықтама алу жолын дұрыс түсінбегендіктен, көбінесе бәрін ақшамен шешуге тырысады - дейді. Абзал ОРЫНБАСАРОВ, ДӘРІГЕР: Жалған анықтамаларға сұраныс көп болғандықтан, әсіресе, қаламызға келетін шет аумақтардан келетін азаматтар, жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар қалай медициналық анықтаманы дұрыс алу керектігін білмегеннен кейін осындай алаяқтардың қолына түсіп қалады деп айтуымызға болады. Мұндай жеңіл жолмен ақша тауып жүргендер жетерлік. Ұсталып жатқандары да бар. Нұралы ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, АСТАНА қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 2022 жылы Астана қаласы полиция департаментінде медициналық анықтаманы сатты деген күдікпен 17 факт анықталса, ағымдағы жыл басынан бері мұндай істер тіркелген жоқ. Жылдам әрі сенімді. Анықтама сатып ақша тауып жүргендердің ұраны – осы. Олар құзырлыларға ұсталмағанымен, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Оған бүгін өзіміз де куә болдық.