«Жусан» және «Русафа» атты арнайы операцияның арқасында 725 отандасымыз елге оралды. Оның 522-і- кәмелетке толмаған бала. Олар жат ағымның жетегіне ілесіп, адастырар уағыздың айтағына бас изеп, ақырында соғыс алаңынан бір-ақ шыққан. Қан мен қақтығыстың ортасында жан алысып, жан беріскен ана мен баланың бүгінгі халі қалай? Аружан Задабектің материалы.Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Әлди-әлди, ақ бөпем! Ақ бесікке жат бөпем! Дәл осылай баласын құшағына қысқан талай ана жат ағымның жетегіне еріп, шекара асты. Қателесті. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» екенін терең түсінді. Қандасым десе қанымыз ысып, жанымыз күйетін ел болып көмек қолын созуға тырыстық. Тағдыры тәлкекке түскен келіншектер мен олардың балалары қазір әлеуметтік, психологиялық көмек алып жатыр. Сондай-ақ, жат ағымның жетегінде кеткендердің діни сауатын ашу үшін теологтар жәрдем беруде. Шам елінен шарапат табамын деп сағы сынған әйелдердің басынан өткен жағдайды естігенде ешкім бей-жай қала алмайды. Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, ДІНДЕРДІ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өзінің туған баласын тізесіне алып отырып, өлімге қиған ата-аналар болды. Кейін осындай ата-аналар ойлана келе, осы оқиғаның барлығын фактор түрінде басынан өткеннен кейін ғана, өзінің бауыр еті баласынан айырылғаннан кейін ғана қазір ақылына келіп жатқан әйелдер бар. Соғыс алаңына сәбиімен кеткен аналардың дені- отағасының соңынан ергендер. Жұбайыммен жұп ажыратпаймын деп кеткендердің 80 проценті ақырында жесір қалды. Әлия МАМБЕТАЛИНА, Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕҰУ ОҚЫТУШЫСЫ: Олар ол жаққа барғанда соғыс деген не екенін білген жоқ. Алда не күтіп тұр, оны саналы түрде түсінбеді. Өйткені, кеткен әйелдердің басым бөлігі -жап-жас қыздар. Көбі күйеуінің айтқанын тыңдап кеткен. Соғыстың дәмін татқаннан кейін ғана олар түсінді. Сол кезде ғана есейді. Олар, аштықты көрді. Әйелдер балаға беретін тамақ таппай, жапырақ жегізгендерін де айтты. Қазақстан әлемде бұрын-соңды болмаған "Жусан" операциясын жүзеге асырды. Елден жырақ жүріп, жусан иісін аңсаған 500-ден астам бала психологиялық-әлеуметтік және білім беру қызметтерін алды. Қазір бейкүнә бүлдіршіндердің 51 процентінің сабақ үлгерімі жақсы. 30 пайызы түрлі академиялық олимпиадалар мен шығармашылық конкурстардың жеңімпазы атанған. Татьяна АДЕРИХИНА, ЮНИСЕФ-ТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Қазақстан – Сириядан да, Ирактан да өз әйелдері мен балаларын елге қайтарған санаулы елдің бірі. Қазақстан Үкіметінің халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып адамдарды елге қайтарумен қатар, балалар мен олардың отбасыларын оңалту және қалпына келтіру жөнінде ауқымды жұмыс жүргізілгеніне өте қуаныштымыз. Алдында осыған ұқсас міндеттер тұрған өзге елдер үшін Қазақстанның тәжірибесі аса құнды. Соңғы бес жылда Сирияға бет алған бірде-бір азамат туралы дерек жоқ. Яғни, халықтың діни сауаты артып келеді дейді мамандар.