Оңай жолмен табысқа кенелемін деп артынан сан соғып қалғандар қатары көбеймесе, азаяр емес. Елімізде жыл басынан бері 22 қаржы пирамидасы анықталды. Қаржылай сауатсыздықтың салдарынан тұрғындар алаяқтардың сөзіне имандай сеніп, бар жиған тергенінен әп-сәтте айырылып қалады. Әріптесім Ақбота Базарбай әлеуметтік эксперимент жасап, жұртқа оңай ақша ұсынып көрді.- Сәлеметсіз бе, тәте? 10 мың теңге салып, 100 мың теңге тапқыңыз келеді ме? - Жоқ - Өте оңай, әрі тез. -Жоқ, жоқ. Керек жоқ, рақмет. - Сәлеметсіз бе, тәте? 10 мың теңге салып, 100 мың теңге тапқыңыз келеді ме? - Жоқ, рақмет. - Бәрі заңдастырылған, документі бар, бәрі бар. - Рақмет. Жоқ деп бетімді бірнешеуі қайтарды. Сенім ұялатайын деп тауар ұсынып тағы алдамақ болдым. - Кәдімгі тауар ретінде аласыз, 10 мың теңге беріп. - Жоқ, ботам, жоқ, рақмет. Көнбегеннен кейін, «қой, менен алаяқ» шықпайды екен деп кері қайтуға жиналдым. Әрине, 10 мың беріп, 100 мың аласың дегенге кім сенер деп ойлаған боларсыздар. Сөйтсек, сенетіндер әлі де бар екен. - Тауарды қайда сату керек? - Менің өзімнің командам бар. 10-15 қыз. Оның бәрі миллиондап тауып отыр. Бұл келіншектің сеніміне кірдім. Бірақ қорқақтады. Осыған дейін алданып қалған. Сабақ болмаған секілді. Қызығушылық білдіріп, телефон нөмірімді де жазып алды. - Бастап кетсеңіз алып кетесіз. Осылай көпті құрғақ уәдеге сендіріп, қолындағы қаржысын жымқырып кететіндер азаймай тұр. Ал тез байып кетемін деп ғажайыпқа әлі сенетін аңғал жандар алаяқтардың құрығына дәл осылай оңай түседі. Амангүл ИГІЛІК, ПСИХОЛОГ: Адамның ең бірінші неге әуестенетініне неге қызығатынына оның психологиялық ерекшеліктеріне, жауап беруіне, сөйлегеніне қарай отырып алаяқтар тез алдап, пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан олар әр сөзге мұқият болады. Олар қатарға қосылған әр адамға ауқымды жобалар жайында айтып, шет-шегі жоқ сыйлықтар барын айтып сендіреді. Сонымен қатар, белгілі бір мөлшерде жарна салуын сұрайды. Салған қаржыны көп ұзамай бірнеше еселеп қайтаратынын да уәде етеді. Сондай-ақ артынан адам тартуды жүктейді. Кейін кіретін адамдардың көзін қызықтыру үшін, алдағы адамдарға белгілі бір мөлшерде табыс та береді. Жанар ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР: Қаржы пирамидасын құрған немесе оның қызметіне басшылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР қылмыстық кодексінің 217 бабына сәйкес мүлкі тәркіленіп бір мыңнан үш мыңға айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Заң аямай тұрса да, айласын азайтар емес. Бес айдың ішінде көптің қалтасына қаққан 22 қаржы пирамидасы анықталды. Адамның санасын әлеуметтік желі арқылы-ақ алдайтын сайттар мен аккаунттар көп. Әлібек ӘБДІЛОВ, ҚР ҚАРЖЫЛЫҚ МОНИТОРИНГІ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Кибербақылау жүйесінде 4 мыңға жуық сайттар мен аккаунтар бұғатталды. Алдын алу жұмыстары аясында әлеуметтік желі қолданушыларына ескертулер жіберу нәтижесінде бүгінде 52 мың желі пайдаланушысы қаржы пирамидасы белгілері бар контентке жазылудан бас тартты. Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ: Көптің оңай ақша тапқанын көрген адам артынан адам тарта бастайды. Алдымен туыс пен дос-жарандарын төңіректейді. Оларға көзбен көргенін жеткізіп, шын мәнінде пайда табуға болады деп сендіріп бағады. Бірі үй аламын деп, бірі көлік мінемін деген ақшасын салса, енді бірі несие алып береді. Ағайын туыстың аузынан жырып берген қаржысын осылайша айлакердің қоржынына салады. Сол үшін белгісіз бір ұйымға ақша салмас бұрын заңдылығын тексеріп, көз жеткізіп алған абзал.