Жыл басынан бері келісімшарт бойынша жұмыс істеген 7 әскери қызметкер өз-өзіне қол салды. Тағы 2 курсант суицид жасаған. Бұл туралы Қорғаныс вице-министрі Сұлтан Қамалетдинов айтты. Курсанттар әскери институтта құрлық әскерлері мен радиоэлектроника және байланыс мамандығында оқыған. Біреуі демалыста жүргенде қайтыс болса, екіншісі ата-анасымен түсініспеушіліктен суицид жасаған дейді. Ал әскери қызметкерлердің өз өмірін қиюға не себеп болады?Сұлтан ҚАМАЛЕТДИНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жерде әр суицидтік жағдайды бөлек қарау керек. Отбасылық-тұрмыстық, қаржылық проблемалардың салдарынан жасалған суицид негізінен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен офицерлер арасында болады. Бұл жерде командирлердің кінәсі жоқ. Ал әскери міндетін өтеуші сарбаздар үшін командирлер толық жауапты. Әскери қызметкерлердің арасында құмар ойынға бәс тігетіндер де азаймай тұр. Түрлі лауазымдағы 11 әскери қызметші биыл жұмыстан қуылған.