Жыл басынан 80 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық тәркіленді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау басқармасының бастығы Асылбек Ыдырысов айтты.«Жыл басынан бастап полиция органдары 10 мыңнан астам табиғатты қорғау заңнамасын бұзу әрекеттерін анықтады. Олардың 330-ы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұдан басқа биологиялық ресурстар объектілерін және өнімдерін ұрлау, сатып алу немесе өткізу фактілері бойынша 17 материал тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке 10 555 құқық бұзушы тартылды. Оларға сомасы 89,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды», - деді басқарма бастығы министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте. Асылбек Ыдырысовтың дерегінше, заңсыз айналымнан шамамен 79,5 тонна балық, оның ішінде 5,5 тонна бекірке тұқымдас балық, 600 шаршы метр заңсыз дайындалған ағаш алынды. «Заңсыз аң аулағаны үшін заңнамамен 3 АЕК-тен 3 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы Қылмыстық кодексте көзделген. Сондай-ақ 5 АЕК-тен 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді ол.