Жыл басынан экологиялық заңнаманы бұзу дерегі бойынша 200-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.«Ішкі істер органдары браконьерлікке, ағаштарды заңсыз кесуге, жер қойнауын өз бетінше пайдалануға және қоршаған ортаның ластануына қарсы тұрақты түрде күресін жалғастырып келеді. Полиция «Бекіре», «Уылдырық», «Киік», «Браконьер» сияқты табиғатты қорғауға бағытталған акцияларды үнемі өткізіп жатыр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары экологиялық заңнаманы бұзудың 7 мыңнан астам фактісін анықтады. 200-ге жуық қылмыстық іс қозғалды», - деді Ш. Алекешев ведомствода өткен апталық брифингіде. Оның айтуынша, заңсыз айналымнан тыйым салынған 15 мың метрден астам ау, 9 тонна балық және балық өнімдері (оның ішінде 1,2 тонна бекіре), шамамен 3,5 мың ақбөкен мүйізі, 135 аңшы мылтығы, сондай-ақ 81 текше метр заңсыз кесілген ағаш тәркіленді. «Балық өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында 1 сәуірден бастап Жайық-Каспий бассейні аумағында «Бекіре» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. Шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының полиция департаменттері, батыс өңірлік көлік полициясының 300-ге жуық қызметкері және 28 техникасы, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды. Мәселен, Маңғыстау облысында, Түпқараған ауданында бір үйде тінту жүргізу барысында жалпы салмағы 72 келі 13 бекіре балығы тәркіленді. Атырау облысында Жайық жағалауын патрульдеу кезінде күдіктілерден 6 қапшыққа салынған 30 бекіре және сазан балықтары табылып, «Бекіре тұқымдас балықты өсіру зауытына» тапсырылды», - деді ресми өкіл.