Елімізде жыл сайын 400 әйел күйеуінен таяқ жеп қайтыс болады. Сұмдық статистиканы Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялады. Қит етсе жұдырығын ала жүгіретіндердің саны үш есе өскен. Әлеуметтік желіде қыз-келіншектер құқықтарын қорғауды талап етуде. Заңды күшейтуді сұрап, таяқтың астына алуды «әдетке» айналдырғандарды қатаң жазалауды сұрайды. Мұнымен мәселе шешіле ме? Аружан Задабек тақырыпты тарқатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық. Тағы да ұру, тағы да қайтыс болу. Отбасындағы жанжал күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды. Пандемиядан кейін әбден өршіген проблеманың шешімін әлі таба алмай келеміз. Өйткені, әйелдер бұл тақырыпты ашық айтпайды, - дейді мамандар. «Ұят болады», «жұрт не дейді» деп іштен тынады. Ал күші жетсе өзін «батыр» сезінетін ерлеріміз тарбиеден аттап, жарына жуан жұдырығын жегізеді. Бекдайыр КҮЗЕМБАЙ, «ӘКЕЛЕР ОДАҒЫ» РҚБ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Егемендік алған жылдары, көбісі, ала сөмкесін ұстап, жан-жаққа кетті ғой. Аналар күнкөріс, әкелер де жақсы тәрбие берді деп айта алмаймын. Сол тәрбие бере алмағанның кесірінен сондай ұрпақ қалыптасты. Бұл мәселе біздің ғана емес, біраз елдің бас ауруына айналған. Түрлі шаралар қабылданып жатса да, «тирандардың» айылы тыйылар емес. Әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Сорақысы, олардың 40 проценті ғана бұл туралы ашып айтады. Ал, салт-дәстүрі мен ұстанымы Қазақстанға ұқсас көрші Қырғызстанда әйел құқығы қалай қорғалады? Тынчтыкбек БАКЫТОВ, ҚЫРҒЫЗ ПСИХОЛОГЫ: Қырғызстанда жағдай мәз емес. Бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық өршіп тұр. Орталық Азиядағы 5 елдің ішінде әйелді қорғау бойынша соңғы орында тұрмыз. Осыдан-ақ жағдайдың қандай екенін аңғаруға болады. Бізде түрлі жобалар бар. Мемлекет тарапынан қолдау тапқандары да жетерлік. Бірақ іс жүзінде мәселе шешіліп жатқан жоқ. Зорлық-зомбылыққа көбіне оқымаған әйелдер ұшырайды. Бұған полицейлер жүргізген сауалнама- дәлел. Жігіттер болса, келіншегім күнімен ыдыс-аяқтың ортасында жүріп, ыдыс-аяқты өзі сылдырлатады, -дейді. Әрине, кінә екі жақтан екені даусыз. Бірақ сол үшін өмірлік жарын тепкінің астына алу дұрыс емес – дейді мамандар. Найла МҰХТАРОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ: Біз қалайда болсын қоғаммен осы мәселеге төтеп беруіміз керек. Өзгерістер енгізетін уақыт келді деп ойлаймын. Бәріміздің қызымыз, анамыз бар. Бәріміз біреудің баласымыз. Қоғамда жалпы әйел азаматының рөлін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілу керек деп ойлаймын. Жыл сайын полицияға 100 мыңнан астам хабарлама түседі. Зәбір көрушілердің 78%-і әйел, 10% -і бала. Жанжал көбейгеннен кейін, ажырасу дерегі де артады. Былтыр 17 мың шаңырақ шайқалған.