Жыл басынан бері тұрғын үй секторында өрт көбейген. 200-ден астам адам қаза тауып, 193 тұрғынды күйік шалды. Әсіресе, Шымкент қаласы мен Жамбыл, Ақтөбе, және Қарағанды облыстарында зардап шеккендер жетерлік. Сырым ШӘРІПХАНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Зерттеулер көрсеткендей, өрт басталған уақытынан 5-6 минуттан кейін адам өлімі келеді. Сол себепті өрт туындаған кезде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту үшін, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру қарастырылып отыр.Елімізде газ баллондарының жарылу жағдайы да жиілеген. Биыл осындай 72 оқыс оқиға болыпты. Салдарынан 119 адам зардап шегіп, 17 адам қаза тапқан. Премьер-министр осы салаға байланысты әкімдіктерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: Олар әлі күнге дейін жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыра алмай отыр. Бұл салада білікті мамандар мен қажетті жабдықтар жетіспейді. Осыған байланысты, өңір әкімдіктері газ-техникалық инспекциялардың өкілеттіктерін кеңейту және оларды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғау академиясының базасында осы салаға арналған кадрларды даярлау деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек.