"Kesh you" тобының бұрынғы әншісі Балжан Бидаш болашақта ән шығарғысы келеді. Бұл туралы өнер иесі Jibek Joly TV арнасындағы "Мархабат" бағдарламасында айтты. "Мархабат" бағдарламасына қонаққа келген әнші Балжан Бидаш болашақта ән шығаруды қолға алғысы келетінін жеткізді."Көзімді ашқалы музыканың ортасында өстім. Әкем - композитор, сөз де жазады, жан-жақты. Менің сөз жазатын қабілетім жоқ. Мүмкін, ән шығарармын. Батыстың әншілері, әлемдік жұлдыздар хит әндерін өздері жазады. Ол халыққа өтімдірек болады. Ән жүректен шыққаннан кейін көрерменге де жақсы жетеді", - деді өнер иесі. Әнші тыңдарман өте жақсы қабылдаған "Екеуміз қол ұстасып" әнін туған ағасы Бақыт Бидаш шығарғанын тілге тиек етті. Өнер иесі өз бойында бұл қабілеттің де бар екенін айтты. "Шын әнші, шын әртіс өзі ән шығара білу керек деп ойлаймын. Мен сол қабілетімді тезірек ашқым келеді. Ағамда да, әкемде де бар. Менен неге шықпасқа? Ән шығару - менің арманым", - деді Балжан Бидаш.