Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қалада мектеп салынбаған аудандарда көппәтерлі тұрғын үй құрлысына тыйым салу тәртібін қарастырған заң жобасы әзірленгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Мектептердегі орын тапшылығына байланысты жағдайды айтатын болсақ, үш ауысымда оқытатын мектептердің саны айтарлықтай азаймады. Бұл тұрғыда мегаполистерімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанымен, бұл учаскелерде дайын әлеуметтік инфрақұрылым жоқ десек болады. Қарқынды құрылыс басталған аудандарда балалар үш ауысымда оқып жатыр. Бірақ мұндай көпқабатты тұрғын үйлерді салуға рұқсат бергенде, әкімдіктің мұндай нақты мәселелерді ескермегені балалардың кінәсі емес. Сондықтан депутаттар тиісті заң жобасын дайындап, құжатты Үкіметке жібердік», - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, заң жобасында дайын мектептер мен балабақшалар жоқ жерде көппәтерлі тұрғын үйлер салуға тыйым салу қарастырылған. Сонымен қатар, белгілі бір ауданда тек бір ауысымда оқытатын мектеп болса ғана сол жерде тұрғын үй салуға рұқсат берілуі тиіс. «Бұл мәселені ескеру керек. Мектептерді сала беруге болады, бірақ қаланың кейбір жерінде мектеп құрылысына мүлдем жер телімі қарастырылмаған. Ата-аналар өздерінің тұрғын үйінен 10-15 шақырым жерде орналасқан мектепке баласын күнделікті тасымалдай алмайды ғой?! Сондықтан осы салада қордаланған проблеманы жүйелі түрде шешу керек», - деді депутат.