Алматыда такси қызметінің құны - 350 мың теңге. Туристерді сан соқтырып, алдайтын жүргізушілер көбейді. Қонақтарды олар қалай құрыққа түсіреді? Әріптесім Әйкерім Пернебек турист кейпіне еніп, эксперимент істеді.Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ: Алматы - туристер қаласы. Дәл қазір біз халықаралық әуежайда тұрмыз. Бұл жерге сағат сайын әлемнің түкпір түкпірінен қонақтар келіп жатыр. Қаланың қақ ортасына бару, такси қызметін ұсынатын қосымша бойынша 2580 тенге. Ал жеке такси жүргізушілер қандай баға қояды қазір көрейік. Турист кейпіне енгеннен кейін таксист жүргізушілермен ағылшынша сөйлестім. - Кешіріңіз, Достық көшесіне дейін жету қанша тұрады, білесіз бе? - 5000 - 5000 доллар ма әлде теңге ме? - теңге - Мен «Шахристан» деген тұрғын үйден бөлме жалдап қойып едім, ол жерді білесіз бе? - Ол жерге 7000 теңге. - Сіз осы жердегі ресми такси жүргізушісіз бе? - Иә - Менде тек доллар бар. Аударсақ 16 доллар болады екен. - Жоқ. 20 доллар болды. - 20 ма? Осылайша басында 7 мыңға келіскен таксист бірден 20 доллар деп бағаны 9000 теңгеге көтерді. Қызметін қымбатсынып, әуежайдағы халықтан кеңес сұрай бастадым. Ал мұны байқаған жүргізушілер бағаны бірден түсіре бастады. - Кешіріңіз, мына жердегі жүргізушілер қаланың ортасына дейін жету 7000 теңге деді? Бұл рас па? - Жоқ. Бұл қымбат қой. Тіл білмейтін туристке жүргізушілер бірінен соң бірі келіп бағаларын түсіре бастады. Ақырында бірден 3500 теңгеге апарамын деген жүргізушінің көлігіне отыруға сескеніп, жанымдағы кісіден көмек сұрадым. - Мен қазір такси шақырып қойдым. Сіздің мекенжайыңызды қосып, менімен бірге отырсаңыз болады. - Қанша болады? - Әрқайсымызға 2 немесе 3 мың теңгеден келеді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Бұл маркетинг қой, себебі аэропорттан шыққан адамдар көбісі білмейді қанша екенін, сол себепті көп сұрайды. - Шетелдіктерді алдайды. Басқа мемлекеттерде де ондай, шетелдіктерді алдап жатады. Біз де бар өкінішке орай - Осы жерде оқимыз, әуежайға дейін жету өте қымбат, бірақ Алматы туристерге өте тартымды қала деп ойлаймын. Алматыда бірнеше мәрте туристерді алдаған такси жүргізушісіне қатысты іс қозғалды. Соңғы рет жолаушыны 355 мың теңгеге апарған дерек тіркелді. Алайда бұл жағдай басқа жүргізушілерге сабақ болмаған секілді. Өткен аптада ғана тағы бір такси жүргізушісі Алматының әсемдігін көруге келген екі үндістандықты 50 мың теңгеге тасыған. Пуджа САПРА, ТУРИСТ (ҮНДІСТАН): Тілді білмегендіктен бір-бірімізді түсіну қиын болды. Ол бізді отырғызып есептеуіш құралдың көмегімен апарып тастаймын деді. Мекенжайға келгенде ол 25 мың сұрады. Мұнымен біз келіскен жоқпыз, ондай ақшамыз да жоқ деп едік, айтқанын қайтпай, ақша талап ете бастады. Қалтамызда 16 мың теңге және шамамен 800 тәжік сомониі болды. Жүргізуші барлығын алды. Біз такси құны мұндай болмайтынын білсек те, амалымыз болмады. Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ Қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ: Негізі Алматы қаласында мұндай деректер жиі кездесіп жатады. Еліміздің жаман тұрғысында әлемге белгілі болуын қалайтын азамат бұл елге жанашыр емес, нағыз қастандық жасайтын азамат. Сондықтан да бұндай деректерге жол берілмес үшін қазіргі таңда көліктегі полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Туристерге қатысты көптеген келеңсіз жағдай болғаннан кейін, жауаптылар әуежайда такси тарифтерін бекітті. Әуежайдан қалаға жету құны көліктің санатына қарай бөлінеді. Ең арзаны 1200 теңгеден басталып, 12 мың теңгеге дейін барады.