Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Плантация елдімекенінің тұрғындары каналдың суын ішіп отыр. Тіршілік нәрінен тарыққан халық Көшім каналына көңілі көншімейтінін айтады. Өйткені ұзақ уақыт бойы лай суды сүзіп ішкесін, саулығы сыр берген. Бірақ бұл маңда басқа су көзі жоқ. Амалы таусылған ауылдықтар "AMANAT" партиясынан көмек сұрады. Алыстағы ағайынға көмек қолын созған партия өкілдері ауылда көшпелі мобильді қоғамдық қабылдау өткізді. Нұрым ҚАРАТАЕВ, ПЯТИМАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:Көшім деген канал ғой енді. Содан біздер кәдімгідей шелекпен алып, бақырашпен іше береміз. Бұдан енді мал да ішеді, қой да ішеді, мал да түседі ішіне. Бұрын колонка болды. Колонка сол жерде болды, соны құлатып тастады. Ауыз су керек. Онда вапше су деген сап-сары. Құдықтан дұрыс су алынбайды. Асқар ҚҰМАРБАЙ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ БАС КОНСУЛЬТАНТЫ:Біздер осы көтерілген мәселелерді өзіміздің басшыларға жеткізіп, әрі қарай жоғары жеткізуге өзіміз мойнымызға аламыз және біздің республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің бақылауында болады. Ал Жамбыл облысының ауылдық жерлерінде жолдардың жағдайы қиын. «AMANAT» партиясының өкілдері Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз ауылы тұрғындарының мәселесін тыңдады. Ауданда 43 елді мекен болса, оның оннан астам ауылындағы көшелер күрделі жөндеуді қажет етеді. 437 шақырым жолдың 180-нен астамы жөндеу көрмеген. Шәрия ӘБДІРАМАНОВА, ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:Міне 1-2 жылдың ішінде жолдардың бәрі жөнделеді деген жауап беріп отыр. Өте ризамыз, рахметімізді айтамыз. Қоғамдық осындай жиындар көп болса екен, басқа ауылдарға да, біздің ауылға да келіп тұрса халықтың жанайқайы азаяр еді. Партияның араласуымен биыл 7 ауылдың көшесін жөндеуге 828 млн теңге бөлінген. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар енді ауылға спорт сарайы мен жаңа амбулатория салынса екен дейді.