Испания биілігі Канар архипелагындағы ірі деген аралдардың бірі - Тенерифедегі төрт ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы бұйрық берді.Билік мұндай шараға Тейде жанартауын қоршап тұрған табиғи парк аумағында тұтанған өртке байланысты барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап. Өрт Тенерифе аралының солтүстік-шығысында сейсенбі күні орманды алқаптан басталды. Бұл аймақтың рельефі өте күрделі, соған қарай өртті сөндіру де қиынға соғып отыр. Canarias Radio-ның хабарлауынша, өртті сөндіруге тікұшақтар жұмылдырылған. Аррате, Чивисайя, Медиа-Монтанья және Аджафона ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды. Өрт Тейде жанартауының маңындағы 130 гектарға жуық жерді күлге айналдырды. Тейде жанартауының биіктігі 3 718 метр. Яғни ол Испанияның ең биік жері деген сөз. Айта кетейік, өткен аптада Канар аралдарында ерекше ыстық болып, өрт қаупі туындады.