Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам (29-1, 22 КО) қашан рингке шығатынын айтты, деп хабарлайды Kazinform.«Өздеріңіз де білесіздер, соңғы үш-төрт жылдан бері елімізде кәсіпқой бокстан жарыстар өтіп жатқан жоқ. Одан бұрын Алматы, Астана қалаларында жиі өтетін, оны ешкім ұмыта қоймаған болар. Біз сол дәстүрді қайта жалғастырсақ дейміз, жастарды спортқа тартып, болашақ чемпиондардың қанатын ұштауға кішкене болса да қолұышымызды берсек деген ниетіміз бар. 16 желтоқсанда - Тәуелсіздік мерекесіне орай жақсы бір бокс кешін ұйымдастырсақ деп жоспарлап отырмыз», - деді боксшы Қанат Ислам. Сол күні өзі де шаршы алаңда сынға түсуді көздеп отырғанын да атап өтті. «Мен осыған дейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында бір-екі рет болдым. Сонда елімізде кәсіпқой боксшыларды дайындау, тәрбиелеу, жиі-жиі бокс кештерін ұйымдастыру туралы ұсыныстар айттым. Президент ұсыныстарымды жақсы қабылдады. Алдағы жоспарлап отырған жарыстарымыз туралы министрлікке, Президент Іс басқармасына хат жазып, ескерттік. Енді, сол жақтан жақсы жауап келіп жатса, бокс кешін өткіземіз деген ойдамыз. Өзім де сол күні шаршы алаңда сынға түсуді жоспарлап отырмын. Өзге боксшылар туралы жақында тағы да айта жатармыз», - деді ол. Естеріңізге сала кетейік, Қанат Исламның шаршы алаңға шықпағанына бір жылға жуықтап қалды. Ол өткен жылы қарашада АҚШ-тағы Плант-Ситиде аргентиналық Хавьер Франсиско Масиэланы (34-21, 23КО) төрешілер шешішімен жеңген болатын.