Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары қызметінен кетті. Шенеунік дауылда көкке көтеріліп, 2 баланы ауыр жарақаттаған көгалды қадағаламаған.Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді. Сонымен бірге ол полициядан мердігерге құқықтық баға беруді сұрады. Тексеру барысында балалар алаңын жөндеп жатқан мердігер компанияның толық төселмеген көгалды бекітпегені, тіпті ешбір ескерту белгісін орнатпағаны анықталды. Олардың салғырттығынан денсаулықтарына орасан зиян келген балалар әлі ауруханада. Еске салсақ, 19-шы маусым күні дауыл салдарынан ойын алаңындағы көгал жамылғысы көкке көтеріліп, оның үстінде ойнап жүрген 8 және 9 жасар екі бала биіктіктен жердегі асфальтқа құлап ауыр жарақат алған болатын. Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: Мердігерлер жұмысты тезірек аяқтап оңай ақша табуға асығады, ал біздің әріптестер оған көз жұма қарайды. Сондықтан ескерту аздық етеді, мен қала әкіміне мұндай әрекет үшін аулаларды абаттандыруға жауапты Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырамын. Құрылыс, жөндеу жұмыстары кезінде шектеу белгілерін қойғызыңыздар. Бұл аулада ешқандай жұмыс жасалмағаны анықталды.