Қарағанды облысында бірнеше шаһарда тариф заңсыз қымбаттаған. «Сарантеплосервис» серіктестігі былтыр жылу тарифін Саран қаласы мен Ақтас кентінде бірден 17%-ке көтерген. Табиғи монополия субъектісі бюджеттен ақша жымқыру мақсатында көмірге берілген субсидияны көмір бағасын жалған қымбаттату арқылы алған. Ол үшін арнайы фирма құрып, қағаз жүзінде көмірді екі аса қымбатқа сатып алғанын көрсеткен. Сөйтіп мемлекетке 50 млн теңгеден астам шығын келтірген.Әбілқайыр БӨЛЕГЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Тергеу нәтижесінде жылу тарифі 17%-ке арзандады. 1 жыл бойы тұрғындардан заңсыз ақша алынып келген. «Сарантеплосервис» ЖШС көмірдің бағасын қымбаттатып көрсету арқылы субсидия алып, онымен қоса тарифті де көтерген. Барлық шығын бүгінде мемлекетке қайтарылды. Тұрғындар бұған дейін жылу сапасына үнемі шағымданып келді. Үйлерін жылыта алмаған соң электр қондырғыларын қосуға мәжбүр болған. Алайда құзыретті органның тексеруі болмаса, тарифтің заңсыз қымбаттап кеткенін көбі білмей қалған. Сәуле МӘКІШЕВА, САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 20 жылдан бері жылу өте нашар болды. Оның үстіне қымбат, электр энергиясына да көп төлейтінбіз. Биыл үй жылынды. А. Қуаш