Қарағандыда психотроптық заттарды қойып кетумен айналысқан 20 жастағы күдікті қыз ұсталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Qazaquni.kz сайтына сілтеме жасап.Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Гоголь көшесіндегі үйлердің бірінің жанында есірткі сақтау және өткізу қылмысына қатысты күдікті қызды ұстады. Тінту барысында одан ұнтақ заты бар 6 байлам тәркіленді. Ол тұратын пәтерді тексеру кезінде полицейлер тағы да 50 орамды тапты. Сондай-ақ күдікті көрсеткен жерден тағы 2 орам алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, орамда жалпы салмағы 4 грамм болатын психотроптық препарат болған. "ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада. Ұсталған қыз қамауға алынды.