Қарағандыдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында он төрт бала уланып, біреуінің көз жұмуына байланысты жұмыстан шеттетілген мекемедегі 10 медицина қызметкері комиссия шешімімен жұмыстарына қайта кірісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың жаппай улану фактісіне қатысты тергеудің барысы туралы айтты.Вице-министрдің айтуынша, кеше комиссияның шешімімен аталған медициналық-әлеуметтік мекемедегі 10 медицина қызметкері өзінің жұмысына оралды. Тек екі медицина қызметкері, яғни бөлім меңгерушісі мен психиатр дәрігер жұмыстан шеттетілген. Еске салайық медицина қызметкерлері жаппай улану фактісін тексеру үшін құрылған комиссия шешімімен белгілі бір мерзімге қызметтерінен босатылған еді. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, қазір жаппай улануға себеп болуы мүмкін улы затты анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. "Ереже бойынша, сот-медициналық сараптама айтарлықтай ұзақ уақытты алады. Оны жүзеге асырудың ең аз мерзімі - бір айдан немесе одан да көп уақыт. Ұзақтығы қандай аралық нәтижелер алынатынына, қандай сарапшыларды тарту қажет болатынына, қандай қосымша тексерулерге байланысты"-деді Айжан Есмағамбетова. Уланып қалған алты бала әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Қазіргі уақытта төртеуінің жағдайы – ауыр, қалған екеуінің жағдайы өте ауыр. Бұған дейін облыстық клиника бөлімшесіне түскен тағы жеті баланың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.